«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОРДАН ҚОЛДАУ ТАПТЫ

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауында шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмысты жалғастыру қажеттігі айтылған. Президент онда осы “жалғастыру” деген сөзді бекерге қолданып отырған жоқ, өйткені, бұл жұмыс бізде көптен бері үзіліссіз жүргізіліп келеді. Оған біздің “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ы облыстық филиалының атқарып отырған істері дәлел. Жолдауда айтылған бизнесті бар-жоғы 6 пайызбен несиелеуді “ҚазАгро” Ұлттық басқарушы холдингі” АҚ-ның құрамындағы біздің еншілес қаржы мекемеміз осыған дейінгі “Сыбаға”, “Мурабаха” және “Егінжай” сияқты мақсатты бағдарламаларымен жүзеге асырып келеді. Ал “Агробизнес – 2020” бағдарламасының аясында шағын және орта бизнес субъектілерінің демеуқаржыландырылуын есепке алсақ, несиелеу пайыздары одан да төмен. Оны төмендегі шаруа қожалығының мысалынан көруге болады.

Мал шаруашылығымен және егіншілікпен айналысу құбылмалы ауа райы мен өзгеріп отыратын нарықтық экономика жағдайында әрбір ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі үшін оңай шаруа емес, астықты уақтылы сеуіп және жинап алуды, жерді жыл сайын тыңайтып отыруды екінің бірі атқара алмайды, ол сол жерді шын мәнінде сүйіп, оған маңдай терін төгіп, аямай қаржы салатындардың ғана қолынан келеді.

Осындай табысты еңбек етіп жүрген ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің бірі Жанар Баймұратова жетекшілік ететін “Бірлік” шаруа қожалығы болып табылады. Аталмыш кәсіпкерлік құрылым Ақжар ауданындағы Байтөс ауылында ауыл шаруашылығы бизнесімен айналысады. Қожалық басшысының шаруашылық ісін жүргізуіне оның інісі Бейбіт Қанафин көмектеседі. Сөйтіп, ортақ бизнеспен айналысып отырған апалы-інілі кәсіпкерлер 1000 гектар алқапта дәнді дақылдар өсіретін егіншілік ісіне қоса, 150 бас ірі қара мен 50 бас жылқы ұстап, отбасылық мал шаруашылығын да ілгері бастырып отыр.

Шаруашылық үш жылдан бері “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ның облыстық филиалы арқылы қаржыландырылады. Шаруа қожалығы 2012 жылы “Сыбаға” бағдарламасына қатысып, 2011-2015 жылдарға арналған ірі қара етінің экспорттық қуатын арттыру бағыты бойынша алғашқы кредит алған болатын. Соның есебінен 70 бас сиыр мен үш асылтұқымды бұқа сатып алды. Содан бері өткен аз ғана уақыттың ішінде қожалықтағы мал басының саны екі есе артып, қордың қаржылық қолдауының тиімділігін көрсетті.

Осылайша мал шаруашылығын жолға қойған шаруа қожалығы үстіміздегі жылы сәуір айында қордың “Егінжай” бағдарламасы бойынша да қарыз алып, өздеріндегі дәнді дақылдар тұқымы базасын жаңарту және көктемгі егіс-дала жұмыстарына қажетті жанар-жағармай алу мәселелерін шешті. Аталмыш бағдарлама қаржысы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің көктемгі-дала және орақ жұмыстарын жүргізуін несиелеуге бағытталған. Ағайынды кәсіпкерлерді біздің қордың, әсіресе, қаржыландыру шарттары қызықтырғаны сөзсіз. Себебі, кредиттің жылдық өсім пайызы небары 9,5 пайызды құрайды, ал оның 7 пайызы “Агробизнес – 2020” бағдарламасының аясында демеуқаржыландырылып, шаруа қожалығы шын мәнінде кредитті бар болғаны жылдық 2,5 пайыз сыйақымен алған болып шығады. 18 айға берілетін қарыз мерзімі де тауар өндірушілердің көңілінен шығарлықтай, кредитті орақ жұмыстары аяқталғаннан кейін қайтаруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, қорда қаржыландыру өтініші тез қаралады, икемді кепілдік саясатын ұстайды, кепілге ауылдағы жылжитын және жылжымайтын мүліктер қабылданады.

Жер күтімді, төгілген маңдай тер еңбекті, уақтылы енгізілген минералдық тыңайтқыштарды ұнатады, сапалы тұқым ғана жоғары өнім алуға мүмкіндік береді. “Бірлік” шаруа қожалығы осының бәрін іс жүзінде сезініп, қордың қолдауымен өндірісін одан әрі дамыта түсуде.

Жолдауда шағын және орта бизнесті экономикалық өрлеудің үлгісі ретінде дамыту, оның үлесін 2050 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің 50 пайызына жеткізу міндеті қойылды. Ол үшін, әрине, несие желілерінің жұмысы жетілдіріліп, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қаржылай қолдау шаралары бүгінгіден де жақсара түседі деп ойлаймыз.

Диана ҚАПЕЗОВА,

“Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ы облыстық филиалының менеджері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp