«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОРДЫҢ ҚАРЖЫЛАЙ ДЕМЕУІ

Қызылжар өңірінде бір аптаның ішінде 3669 адам 50 мың теңгеден қаржылай көмек алды. Бұл төлемдерді мұқтаж жандарға “Birgemiz – Qyzylzhar” қоғамдық қоры аударды.

Бұл жәрдемақы халықтың әлеуметтік осал тобына, соның ішінде аз қамтылған көпбалалы отбасыларға, бірінші топтағы мүгедектерге, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандарға, ең төмен зейнетақы алатын зейнеткерлерге, жетім балаларға, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне беріледі.
– Атаулы әлеуметтік көмек алушыларды жергілікті жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар ұйымдары анықтайды. Тізім жасау кезінде қор мемлекеттік ұйымдардың ресми деректеріне сүйенеді. Көмекті тек қана Петропавлдың тұрғындары алады, өйткені, оларда коронавирустық инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары, – дейді “Nur Otan” партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әсем Рахметова.
Меценаттар мен бизнесмендердің қаражаты “Birgemiz” республикалық қорына түседі, сол жерден ақша өңірлерге жіберіледі. Бүгінгі таңда “Birgemiz – Qyzylzhar” облыстық қорының есебінде 183 млн. 450 мың теңге бар.
– Біздің қорымыз еліміздің заңнамасына сәйкес жұмыс істейді. Ақшаның жұмсалуы арнайы құрылған комиссияның бақылауына алынған. Материалдық көмек облыс орталығының 3669 тұрғынына көрсетілді. Ақша екінші деңгейдегі банктер арқылы алушылардың шоттарына түседі. Бұл түсімдерден банктер орталықтан жасалған келісім бойынша комиссия ұстамайды, – дейді өңірлік қор басқармасының төрағасы Жанахмет Тасшығұлов.
Анастасия Гурьянова – төрт баланың анасы. Карантинге байланысты қаржылық қиыншылық көруде. Отбасының жалдамалы пәтер үшін осы айда төлейтін ақшалары болмаған. Қор туралы “Instagram” әлеуметтік желісінен біліпті.
– Телефон арқылы маған бәрін түсіндірді, тізімге енгенімді айтты. Келесі күні шотқа ақша түсті. Қатты қуандым. Үйді жалға алғаным үшін ай сайын 30 мың теңге төлеймін, қордың арқасында бұл мәселе шешілді. Партияға, оның Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа көпбалалы отбасыларға, жетімдер мен мүгедектерге көмек көрсеткені үшін алғыс айтқым келеді, – дейді Анастасия Гурьянова.
Айта кетейік, “Birgemiz” қоғамдық қоры “Nur Otan” партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен еліміздің ірі қалаларында және облыс орталықтарында тұратын мұқтаж азаматтарды қолдау мақсатында сәуір айының басында құрылған болатын.


Ілияс СӘБДЕНОВ,
“Nur Otan” партиясы облыстық
филиалының баспасөз хатшысы. 

Сурет https://birgemiz2020.kz/ сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp