
21 қараша күні ерлер мен әйелдер арасында ауыр атлетикадан жекелеген жаттығулар бойынша ел біріншілігі басталды. Еліміздің түкпір-түкпірінен 350-ден астам атлет қатысып жатқан сайыста солтүстікқазақстандық атлеттер де бақ сынауда.
Спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бәсеке алғаш онлайн форматта өтуде. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Марат Шынтеміровтің айтуынша, додада өңір намысын облыстық олимпиадалық резевтегі мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің тәрбиеленушілері қорғауда.
Сенбіге дейін созылатын жарыстың екінші күнінің нәтижесінде 55 килограмға дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен солтүстікқазақстандық атлет Алина Колиушкоға тең келер ешкім болмады. Ол зілтемірді жұлқа көтеруде – 73 килограмды, серпе көтеруде 95 килограмды еңсеріп, қоссайыстың қорытындысында 168 килограмдық көрсеткішпен алтын медаль олжалады. Одан бөлек, 61 килограмға дейінгі салмақтағы ерлер арасында екі кезең бойынша 247 килограмды бағындырған Александр Шпехт күміс жүлдегер атанды.