Алматы қаласында Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының кубогы үшін волейболдан республикалық турнир өтті. Бұл маңызды шара Отан қорғаушылардың ерлігін дәріптеп, олардың шымырлығын арттырып, командалық рухты күшейту мақсатында ұйымдастырылды. Турнирге ҰҚК-нің орталық аппараты, ведомстволық жоғары оқу орындары мен өңірлік департаменттерден 24 команда қатысты.
Жарыс барысында әр команда үздік атану үшін барын салды. Спорттық бәсеке өзара тәжірибе алмасып, ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері арасында бірлікті нығайтуға да ықпал етті.
Турнирге ҰҚК Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің командасы да қатысып, бірден қарсыластарына лайықты бәсекелес екенін көрсетті. Солтүстікқазақстандық команда топтық кезеңнен сәтті өтіп, плей-оффқа шықты. Ең қызықты сәт – финалдық матч. Онда жерлестеріміз Шекара академиясының құрамасына қарсы ойнап, шеберлік танытқанымен соңғы минуттарда бірнеше қателіктер жіберіп алды.
Жарыс қорытындысы бойынша ҰҚК-нің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті II орынға тұрақтап, күміс медальді еншіледі. Бұл тек спорттық жетістікті ғана емес, сондай-ақ командалық жұмыс пен тәртіптің жоғары деңгейін, өзара ынтымақтастықты көрсетті.
Жалпы Ұлы Отан соғысының 80 жылдығы – бұл еліміз үшін маңызды мерейтой. Осыған орай, Ұлттық қауіпсіздік комитеті түрлі шаралар ұйымдастырып, Жеңіс күніне деген құрметін білдіруде. Турнирдан бөлек, әскери-патриоттық бағыттағы акциялар, ерлікке құрмет көрсетілетін салтанатты жиындар өткізілуде.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».