«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қоржында – сегіз жүлде

Ұлы ғалым, философ, ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу аясында жаратылыстану-математика пәндері бойынша онлайн-режімде халықаралық олимпиада өтті.

Бәсі жоғары жарысты Білім және ғылым ми­нистрлігі “Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырып, дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау, оқу пәндеріне қызығушылықты ояту, шығармашылық белсенділігін дамыту, ойлау машығын кеңейту, сабақтан тыс жұмыстарды жандандыру, қатысушыларға өз білімдері мен мен дағдыларын балама бағалауға мүмкіндіктер беру мақсатын діттеді. ТМД елдерінен, алыс-жақын шетелдерден 10-сынып оқушыла­ры өзара бақ сынасып, математика, физика, химия, биология, география пәндері бойынша білім жарыстырды.
Қазақ мектеп-гимназиясының намысын қорға­ған оқушыларымыз жүзден – жүйрік, мыңнан тұлпар атанды. Математикадан Нариман Темірханов – екінші, Алмас Мұратов, Қайнар Мұртаев, Диас Жұмаділов, Әсел Құрмантаева үшінші орындарды жеңіп алды. Биология пәнінен сынға түскен Мерей Амангелді, Дархан Амантай екінші орынға көтерілді. География пәні бойынша Даяна Ескендірова жүлделі үшінші орынды олжалады.
Ерекше атап өтетін жайт, шәкірттеріміз ағылшынша сауалдарға да мүдірместен жауап беріп, бұл тілді де жақсы меңгергендерін көрсетті. Математика, биология, география пәндерінің мұғалімдері Гүлнәр Құсайыноваға, Баян Қабиеваға және Гүлжан Рахматулинаға алғысымыз шексіз.
Айгүл ЕСЕНҒАЛИЕВА,
қазақ мектеп-гимназиясы директорының
ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp