Петропавлда жасөспірімдер мен жастар арасында спорттық акробатика және акробаттық жолақ пен батутта секіруден ҚазКСР-дың еңбек сіңірген жаттықтырушысы Анатолий Ямпольскийді еске алуға арналған VI халықаралық жарыс өтті. Оған еліміздің және Ресейдің 14 қаласынан келген 120-дан астам жас спортшы қатысты.
Жарыс бағдарламасына сәйкес қатысушылар үш топқа бөлінді. Өңір намысын қорғаған жерлестеріміздің арасында жеңістің биік тұғырына көтерілгендер бар. Атап айтқанда, 15 жасқа дейінгі ұлдар арасында өнер көрсеткен Вячеслав Миллер, Никита Карасёв, Даниал Жеңісов пен Дамир Құсайынов облыс қоржынына алтын медаль салды. Қыздар жұбында Анастасия Черепанова мен Алиса Миллер екінші орынға ие болды. Сондай-ақ, солтүстікқазақстандық акробаттар 17 жасқа дейінгі қыздар арасындағы топтық сайыста қола медаль иеленді.
Акробаттық жолақта Олег Ремигайло, Виталий Делл, Иван Высаков пен Александр Шашков топ жарды. Сондай-ақ, Виталий Делл жекелей сында жеңіске жетсе, Олег Ремигайло мен Диана Угрюмова екінші болды.
Өкінішке қарай, солтүстікқазақстандық спорттық акробатика мектебінің тәрбиеленушілері бұл жолы батутта секіруде сәтсіз өнер көрсетті.
Халықаралық турнирдің барлық жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубоктармен және медальдармен марапатталды.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.