«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОРЖЫНЫМЫЗДА – ЕКІ ҚОЛА

Петропавлдағы мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған “Үміт” клубында Индонезияның астанасы – Джакарта қаласында өткен Пара Азия ойындарында ел намысын қорғаған солтүстікқазақстандықтардың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Оған клубтың ұжымы, жарыстан олжалы оралған жерлестеріміз қатысты.

Әлемнің 44 мемлекеті қатысқан додада үш мыңнан астам спортшы сынға түсті. Қазақстанның намысын 91 спортшы қорғаса, олардың ішінде “Үміт” клубының мүшелері Владимир Эрман, Иван Залезняк және Сергей Харламов та болды.

Дода қорытындысы бойынша екі жерлесіміз жүлдегерлер қатарынан көрінді. Атап айтқанда, Иван Залезняк ядроны 11,69 метрге лақтырып, қола жүлдені иеленіп, халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады. Білікті бапкерлер Елена Марон мен Елена Пахомованың қарамағында жаттығатын Иван тамыз айында Шымкент қаласында өткен ел біріншілігінде де топ жарған болатын.

– Мен 2014 жылдан бері жеңіл атлетикамен шұғылданамын. Бұған дейін бірнеше жарыстарда өнер көрсеттім. Бәсі биік додаға алғаш рет қатыссам да, бапкерлерімнің көмегімен және үздіксіз жаттығуларымның арқасында қола жүлденің иегері атандым,– деді Иван Залезняк.

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сергей Харламов сайыстан алған әсерімен бөлісті. Жерлесіміз 100 және 400 метр қашықтыққа жүгірген. Бірақ жүлделі орынға қол жеткізе алмады. Дегенмен, намысқа тырысқан ол ұзындыққа секіруде 4,62 метрді бағындырып, қола жүлдені еншіледі.

Өкінішке қарай, Пара Азия ойындарынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Владимир Эрман жүлдесіз оралды. Оның айтуынша, аталмыш сайысты ұйымдастырушылар ережелерге өзгертулер енгізіп, сыныптарды біріктіріп, коэффициенттерді алып тастаған. Мұның барлығы қызылжарлық жүзгішке қиындықтар туғызған.

Дулат ҚОЖАХМЕТОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp