«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОРЫҚТЫҢ ҚЫСҚЫ ТІРШІЛІГІ

Осы уақытта ауылымның үйiр-үйiр жылқысы қалың қар астындағы шөпті тебіндеп, шұрқырай жайылып жататын еді, шіркін! Қазiр қылқұйрықтың өзi түгiл, iзi де жоқ бұл маңда… Күміске малынған орман ортасында орналасқан Алқа ауылының жұртында төрт шаңырақ қана қалды. Үңірейген үйлер мен құлаған қабырғаларға көзім түскен сайын көңілім құлазиды. Бұл жолы да төңіректі көзбен шолып өтіп, атымды ерттедім де, мүлгіген тыныштықта бірнеше орманды артқа тастап, қалың нудың қойнауына ендім.

“Красный бор” мемлекеттік қорығының аумағына кіре бергенімде, оттап жүрген сыңар мүйіз бұғы жерден басын жұлып алды да, “келдің бе?” деп ишарат білдіргендей болды. Жануарларды 20 жылдан астам уақыт бойы күтіп-бағып жүргендіктен болар, мұндағы аң-құстың ешбірі мені жатсынбайды. Кербез бұғылар паңданып, ұстамдылық танытса, бала киіктер шыдамсыз-ақ. Қанша үркек болса да, азықтанатын уақыт таяған кезде аузы шөпке жеткенше әр тұстан кимелеп, мазаны алатыны бар. Бұл жолы да сол әдеттеріне басып, салған жемді таласып жеп жатыр.
Бұрындары мұндағы жануарлар саны саусақпен санарлық қана болса, биылғы соңғы санақ бойынша марал мен еліктің 2,5 мыңнан асқанын естіп, қуанып қалдым. Жабайы қабандар саны 400-ге жуықтапты. Жалпы аумағы 60 мың гектар болатын қорығымызда түлкі, қоян, қарсақ, күзен, сарыкүзен, субүркіт, қарашақаз, құр, тырна және шіл сияқты аң-құстар да баршылық. Ақ түтек борандарда, сарышұнақ аяздар қысып, қалың қар жауғанда жабайы аңдар қорек таппай қиналатынын білеміз. Осындай жағдайдың орын алуына жол бермес үшін алты қорықшы қараша айынан бастап оларға оттықтар дайындап, ішін жем-шөпке толтырамыз. Жануарларға азықтанатын орындарға жету жеңіл болу үшін қарларды тазалаймыз. Биыл 2 мың центнер шөп және 70 тонна жем әзірленді. Бұл азық жануарлардың қытымыр қыстан аман шығуына жеткілікті деп ойлаймын.
Ауылым құрып кетудің аз-ақ алдында тұрса да, бұл жерді мекен еткен жануарлардың жойылуына жол бергім келмейді. Ешқайда көшпей, туған өлкемді мекен еткен түз тағыларын күтіп-баптау азаматтық парызым деп білемін.

Тұрғынбай ҚҰСАЙЫНОВ,
“Красный бор” мемлекеттік қорығының қорықшысы.
Есіл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp