
Бұрнағы күні өңірімізге Ресейдің Қорған қаласынан іскерлік делегация келді.
Қорғандық әріптестерімен кездескен Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетов өзара ынтымақтастықты әрі қарай дамыту жөнінде келелі әңгіме қозғады. Осы орайда қорғандық делегацияның көздеген мақсаты Қорған – Петропавл шекаралық ынтымақтастығы аясында агломерация құру екені белгілі болды.
Өз кезегінде сөз алған Қорған қаласының басшысы Сергей Руденко Қорған – Петропавл шекаралық агломерациясы құрылып, келісімге қол қойылған жағдайда екіжақты қарым-қатынас нығая түсетіндігін тілге тиек етті.
Ал Ресей қалалары одағының бас директоры Александра Игнатьева агломерация бұл қарым-қатынасты бір жүйеге келтіріп, халықаралық кеңістікте жүзеге асыру тараптардың қайсысына болсын тиімді болатындығына тоқталды.
Шара соңында аталмыш мәселені жүзеге асырудың жолдарын қарастырып, екі жақта да алдағы жұмыстың бағыт-бағдарын айқындайтын арнайы жұмыс тобын құру ұйғарылды.
Ресейлік қонақтар облыс орталығындағы “Даму” орталығында, химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде болды. Қорған облысының өкілдері сапар барысында Петропавл құрылыс материалдары зауытының өнімдерімен де танысты.
Осы күні құрметті қонақтар облыс әкімі Ерік Сұлтановпен кездесті. Іскерлік сапармен келген қорғандық делегацияға ілтипатын білдірген өңір басшысы:
– Жуырда Ресейдің Сочи қаласында екі ел Президенттерінің кездесуі біздің қарым-қатынастарымызға жаңа серпін берді. Біздің өңір сыртқы саудада, негізінен, Ресей Федерациясымен дәстүрлі түрде тұрақты іскерлік қарым-қатынас орнатқан. Осы орайда біз тауар айналымын ұлғайтуымыз қажет. Бүгінгі таңда машина жасау, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы салалары бойынша нәтижелі жұмыс істеудеміз. Қалыптасқан қолайлы жағдайды әрі қарай дамытуымыз қажет. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласына зор көңіл бөлгеніміз жөн. Себебі, аталмыш салада бірлесе пайдалануға болатын мүмкіндіктер мол. Осы орайда импорт алмастыру өндірісі бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде, – деді.
Үстіміздегі жылдың қаңтар-шілде айларында өңіріміздің Ресей Федерациясымен тауар айналымы 242,2 миллион долларды құрады. Оның ішінде экспорт 18,6 миллион доллар болса, импорт 223,6 миллион доллар көлемінде. Біз көрші елге бидай, электр энергиясын, құбыр сияқты өнімдерімізді өткізсек, олардан техникадан бастап, азық-түлікке дейін аламыз.
Қанат АТАМАНОВ,
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”,
Аманжол НҰРТАЗИН,
журналист.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.