«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОРҒАНЫСТАҒЫ ЖАҢА СТАНДАРТТАР

Табиғи апаттар, лаңкестік әрекеттер, төтенше оқиғалар кезінде азаматтық қорғаныс саласы мен оқиғаның басы-қасында жүрген адамдар жағдайдың мән-мағынасына терең бойлап, жұртқа төнетін қатердің деңгейін анықтап, құтқару мен қауіпсіздік іс-шараларын жүргізе алулары керек.

Жақында ИСО (ISO – International Organization for Standardization) 22322:2015 және 22324:2015 стандарттарын жария етті. Оларды Швециядағы стандарттау бойынша ұлттық органның басшылығымен қауіпсіздік және тұрақтылық жөніндегі техникалық комитет әзірледі. Аталмыш стандарттар төтенше жайттарға қатысты құрастырылған, яғни онда жергілікті, ұлттық, халықаралық деңгейде қауіпті аумақтарда қалған адамдарды төтенше оқиға барысы туралы хабардар ету көзделеді.

“Әлеуметтік қауіпсіздік – төтенше жағдайды жою – халықты сақтандыру үшін басшылыққа алынатын қағидаттар” немесе ИСО 22322:2015 стандарты төтенше жағдайлардың алдын алу және оқиға орын алған кезде халықты сақтандыру ісін жүзеге асыру, әзірлеу және басқару шараларына басшылық жасау үдерісін қамтиды. Оны әзірлеуге жетекшілік еткен Харуо Хаяши: “Әдетте төтенше жағдай туралы хабар беруге уақыт тығыз болады, бірақ қолға алынған жұмыстар жайында жұрт кең ақпараттандырылуы тиіс. Тиімді жолданған қарапайым ақпараттың өзі адам өмірі мен денсаулығын қорғап, үлкен апаттың алдын алуы мүмкін”, – деп түсіндіреді.

Төтенше жағдайлар туындаған кезде дабыл қағудағы мақсат – оқиғаға адамдардың назарын аудару, жұртты өздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шара қолдануға және қосымша ақпарат іздестіруге итермелеу болып табылады. Төнген қауіп туралы ақпаратты таратқан кезде халықтың әлжуаз тобын қоса алғанда адамдардың көңіл-күйі мен оларға жасалған жағдай ескерілуі керек. ИСО 22322 ақпарат тарату үшін теледидар, радио, телефон, газеттер немесе дауыс зорайтқыш сияқты хабарландыру тетіктерін таңдауға көмектесіп, қоғамдық хабарландыру аспектілеріне қатысты ұсынымдар жасалады.

Ал ИСО 22324:2015 стандартында төтенше жағдайлар кезінде басшылық жасаушылар оқиғаға тап болған адамдарға және құтқарушыларға сол кездегі қауіптің деңгейі жайында хабар беру үшін түрлі түстерді қолдану жолдары ұсынылады. ИСО 22324 стандарты бойынша түрлі түстерді қолдану ережесі бекітілген. Мәселен, қызыл түспен апаттық жағдай және қауіпсіздік іс-шараларын шұғыл қолдану қажеттілігі хабарланады. Сары түспен хабар берілсе, онда ол қауіптің алдын ала ескертілгендігі, жасыл түс қауіпсіздікті, ешқандай іс-шараның қажетсіздігін хабарлағандық. Сондай-ақ, қара, қызылкүрең, көк және сұр түстер өлім қауіп-қатері, қосымша ақпарат немесе ақпараттың жоқтығы туралы хабарландыру үшін пайдаланылуы мүмкін.

Азамат КӘРІМОВ,

“Қазақстанның стандарттау және

сертификаттау институты” РММ

облыстық филиалының маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp