
Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Серік Ахметов облыс әкімі Самат Ескендіровпен бірге бірқатар қорғаныс өнеркәсібі кешені кәсіпорындарының өндірістік-технологиялық мүмкіндіктерімен танысты.
Алдымен министр Қазақстанда баламасы жоқ бірегей зауыт – “Мұнаймаш” акционерлік қоғамында болды. Бүгінде өндіріс ошағы мұнай саласына аса қажетті қондырғылардың 30-дан артық түрін құрастырады екен. Негізінен жерасты бұрғылау жұмысына қажетті жабдықтар шығарылады. Акционерлік қоғам 2013 жылы 3,3 миллиард теңгенің тапсырысын орындаған. Бұл көрсеткіш – 2012 жылдың өндіріс көлемінен 30 пайызға артық.
Министр болған цехтардың бірі толықтай жаңартылған. Ондағы заманауи қондырғылар “Өнімділік – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында 1,5 миллиард теңгеге сатып алыныпты. Ал автоматтандырылған 12 қондырғы – Жапония, АҚШ және Бразилия елдерінің өнертабысы. Тың бастама Индустрияландыру картасы аясында бірқатар индустриялық-инновациялық жобаны қолға алуға жағдай жасамақ. Ал толық қуатқа көшу өндіріс циклін 80 пайызға қысқартып, қазақстандық үлесті 70 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.
Жұмыс сапары барысында “ЗИКСТО” және Киров атындағы зауыттардағы өнім шығару желісінің жұмысымен де танысқан Серік Ахметов Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін одан әрі жетілдіруде және қайта жарақтандыруда, әскердің жауынгерлік әзірлігі мен қабілеті мәселелерін шешуде қорғаныс өнеркәсібі кешен дерін нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Жеңіс ЕРМҰҚАНОВ,
журналист.