Петропавлдағы С.М.Киров атындағы зауыт қабырғасында бұл күні станок емес, салтанатты оркестр үн қатты. Әскери әуендермен басталған шара Жеңістің 80 жылдығына арналды.
Кәсіпорын басшылығы соғыс жылдарындағы ерен еңбекті ескеріп, ардагер жұмысшыларды арнайы шақырып, құрмет көрсетті. Тарихи мәліметтерге сүйенсек, қиын-қыстау кезеңде зауыт ұжымы тынымсыз еңбек етіп, майданға қажетті құрал-жабдықтар мен радиоаппараттар жасап, алдыңғы шепке үздіксіз көмек жіберіп отырған.
– Соғыс жылдары зауыт тек өндіріс ошағы ғана емес, нағыз қорғаныс шебіне айналды. Сол кезеңдегі аға буынның еңбегі ұмытылмайды. Бүгінде олардың көбі қатарымызда жоқ, бірақ біз әрқайсысына алғыс білдіріп, шағын сый-сияпат дайындадық, – дейді зауыттың бас директоры Алмас Нұрмағамбетов.
Салтанатты шараға қатысқан ардагерлер қатарында Вадим Балуба да бар. Ол – Украинаның тумасы. Соғыс басталғанда отбасы мүшелерімен бірге Петропавлға эвакуацияланған. Жол бойы қауіп пен жарылыстарды бастан кешірген ол кейін осы қалада қалып, бар ғұмырын өндіріс саласына арнаған.
– 1961 жылы әскерден оралып, бірден осы зауытқа жұмысқа тұрдым. Алғашында технолог болдым, кейін цех бастығына дейін көтерілдім. Бұл жер – менің екінші үйім. Біз елдің болашағы үшін еңбек еттік, – дейді Вадим Балуба.
Мерекелік жиында соғыс әндері шырқалып, жауынгерлерге арналған жырлар оқылды. Ардагерлер мен еңбек ұжымы сол кездегі рухты сезініп, естеліктермен бөлісті. Шараны ұйымдастырушылар солдат ботқасын әзірлеп, қонақтарға дәм ұсынды.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».