
Менің тағы бір жанға батар дертім – қазақтың тілі, қазақтың мәдениеті, қазақтың ділі. Бар қазақилыққа мен бала кезімнен бойладым, қазақилықпен менің қаным мен жаным сусындаған. Дәл осы арада мен немқұрайдылық, жайбарақаттық, алаңсыздық таныта алмаймын. Кейде мен өзімнің қазақ емес екенімді ұмытып кетемін. Кейбіреулердің оны менің есіме салып қоятыны бар.
Ресей немістерінің қасіретті тағдырын білем, ішкі жағымнан әрбір клеткам арқылы сезіне отырып, мен оны еріксізден қазақтардың тағдырымен қатар қойып, салыстырамын. Сөйтіп, көптеген ұқсас, ортақ нәрселер табам, оның ішіндегі кейбірі сергек қарауды керек етеді. Айталық, мысалы, маған соғыс жылдарындағы, соғыстан кейінгі жылдардағы мен білетін қазақтар мейірімділеу, шынайылау, жомарттау, анағұрлым ашықтау болғандай көрінеді. Жалпы қазақтарда жақсы адами қасиеттер көп, оларды басқалар ғана емес, қазақтардың өздері де байқай бермейді. Бұл қасиеттер қазақтың тілінде, тарихында ауыз әдебиетінде, әндері мен күйлерінде сақталған. Жүз жыл ішінде дауылды, қасіретті, бейбіт те жорықты өмірінде қазақтарда ұлттық ділдің аса бай әрі мықты қоры жинақталды, менің ойымша, күнәсі мен қызығы мол осынау өмірде оны ұзақ та мәнді әрі мазмұнды тағдыр күтіп тұрған секілді.
Иншалла! Әрдайым солай болсын!
Екінші жағынан мен қазақтардың ежелгі тектілігінен ажырап бара жатқандығын да байқаймын. Ол қазақтардың туған елге деген көзқарасынан, әртүрлі белгілер бойынша халықтың бөлінуінен, ата-баба аманатын жете құрметтемеуінен, үстірт, кездейсоққа әсіре еліктеуінен, бәрімен бірдей болып, ешкімнен кем қалмаудан туған тілегінен көрінеді. Дей тұрғанмен, мен үнемі айтып та жазып та жүремін: қазақтарға америкалық, ағылшын, француз, тіпті орыс болуға да ұмтылудың қажеті жоқ, ең бастысы – қазақ болып қалу керек, өз бойындағы қазақтықты сақтай білуі керек. Қазақтығыңнан жеріндің бе – басқа да бола алмайсың, өзіңді мәңгіге де жоғалтасың. Туған тіліңнен, тарихыңнан, мәдениетіңнен, діліңнен айырыласың. Өзің үшін де, ұрпағың үшін де, әлемдік өркениет алдында да “ешкімге” айналасың.
Мен осыған сенемін. Бірақ менің сенімім, өкінішке қарай, бәрінің бірдей көзін жеткізіп отырған жоқ.
Осы мені қапаландырады.
Менің жан дүниемде қазақтың үні айбарлы әрі айқын естіледі. Мен өзімді, Абайша айтқанда, толық адам деп есептемеймін. Өмірдің бар қалтарысында қазақтар сөзсіз менің сенімді тұғырым болды. Қорғанышым, арашашыларым, жарылқаушыларым болды.
Өмір бойы мен үш мәдениеттің түйіскен торабында өмір сүріп, жұмыс істеп, солардың ортақ тамырларын тауып келемін. Арасын байланыстыратын буын болуға тырысып келемін, дей тұрғанмен, қолдау мен зейінді, түсіністікті ең алдымен қазақтардан тауып жүрмін.
Білем, біреулерге мұным ұнамайды да, бірақ шыны сол. Мен мұны мақтаныш етемін!
Герольд БЕЛЬГЕР.