Өңір полицейлеріне облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты әйелдер колониясында тігілген 350 қорғаныш костюмі табысталды. Бетперде, қолғап, комбинезон қауіпті індеттен қорғануға мүмкіндік береді. Сондықтан алдымен қорғаныш киімдерімен Петропавлдағы блокбетте тұрған қызметкерлер қамтамасыз етілді.
Облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының қызметкері, полиция лейтенанты Асан Қазесов карантин жарияланған алғашқы күннен бастап блокбекетте тұр. Кезекшілік ауысымы 12 сағатты құрайтын жас маман арнайы тігілген қорғаныш киімдері көңілден шыққанын жеткізді. Оның айтуынша, қорғаныш костюмі жүріп-тұруға өте ыңғайлы және ол инфекция жұқтырып алмауға мүмкіндік береді.
Күшейтілген жұмыс тәртібіне байланысты Асан отбасымен жиі көрісе алмайды. Алты жастағы ұлына ата-әжесі бас-көз болуда. Өйткені, оның жары да құқық қорғау саласының қызметкері. Ол да негізгі жұмысынан бөлек, ара-тұра патрульге шығады. Сондықтан полиция лейтенанты Асан өзге әріптестері сияқты пандемиядан құтылып, өңірдің қалыпты тірлікке көшуін армандайды.
Департамент бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаевтың ұйғарымы бойынша қорғаныш киімдері індет жұқтыру қаупі бар қызметкерлерге үлестірілді. Облыс бойынша 44 блокбекетте тұрған 250-ден астам полиция қызметкерін арнайы киімдермен қамтамасыз ету көзделген. Алғашқылардың бірі болып Петропавл қаласындағы провизор орталығының қауіпсіздігін күзететін жауапты қызметкерлер, жедел-тергеу тобы мен криминалистер киімдерге қол жеткізді. Тергеу изоляторында жұмыс істейтін қызметкерлерге де қорғаныш киімдері берілді.
– Полиция қызметкерлерінің денсаулығын қорғау қатаң бақылауда. Қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етумен қатар, қызметкерлерді диагностикалау жүргізілуде. Бүгінгі таңда облыстық полицияның жеке құрамының 16 пайызы, яғни 400 адам тексеруден өтті. Бірде-бір ауру жұқтыру оқиғасы анықталған жоқ, – деді Марат Төлебаев.