Біздің бала кезімізде дүкенде таңдап жүріп алатындай қуыршақтар аз кездесетін. Көбіне қол-аяғы денесіне жабысқан бармақтай ғана қуыршақтар болатын. Соның өзін анамыз сатып әперсе, ат мінгізгендей қуанып, оған түрлі маталардың қалдығынан әдемілеп, әртүрлі сәнді көйлектер тігіп, әуре болатынбыз. Осылайша ойын арқылы қолымызға ине-жіп алып, киім тігуге машықтанатынбыз. Саз балшықтан үй жасап, жасыл шөптен тамақ істеп, оны кеселердің сынығына салып, қуыршаққа “жегізіп” ойнайтынбыз. Бұл – біздің балалық шақтан қалған естеліктер. Қазір қарап отырсам, балалардың арманы жоқ сияқты. Ұялы телефон, планшет, түрлі ойыншықтар дүкен сөрелерінде толып тұр. Жақында немереммен базарға бардым. Менің таңғалғаным, жасы бесте ғана болса да, Ділназ есімді немерем дүкендегі барлық қуыршақтың атын атап, қандай мультфильмнің кейіпкері екенін жаңылмай айтып берді. Ол өзіне солардың ішінен екі қуыршақ және маған түсініксіз болып көрінген бір көзді, үш саусақты ойыншық таңдап алды. Дүкеншінің айтуына қарағанда, бұлар монстр хай және миньон атты ойыншықтар екен.
Қуыршақтардың бойы, шамамен алғанда, 25-30 сантиметр. Шаштары көк, қызыл, сары, жасыл. Көздері көк. Ал бастарында екі мүйізі бар. Ол құлақ та болуы мүмкін, бірақ бір қарағанда кәдімгі мүйіз сияқты. Сайтаннан аумай қалған қуыршақтың киімі де алқам-салқам. Бет-ауыздарын баттастырып бояп алған қуыршақтардың біреуін де немереме алғызбадым. Ал бір көзді ойыншықты көріп, шыны керек, өзім шошып кеттім.
– Әдемі қуыршақ алмайсың ба, мыналарың сайтан сияқты, – деп ұрсып едім, ол менің сөздеріме ренжіп қалды. Баламен барған соң базардан бос шыға алмадым, сөйтіп жолшыбай ойыншықтар дүкеніне кірдім. Отандық ойыншықтарды көріп, қуанып кеттім. Ал бағаларын көргенде қуанышым су сепкендей басылды. Қазақтың ұлттық киімін киген, өлең айтып, би билейтін ертегі кейіпкерлерінің бағасы 10-15 мың теңгеден басталады. Мұндай сомаға, әрине, қалтасы тайыз адамдар балаға қуыршақ сатып әпере алмасы айдан анық қой. Егер бір айлық жалақың, орташа есеппен алғанда, 70-80 мың теңге болса, қайдағы қуыршақ ?..
Ойыншық арқылы баланың ой-өрісі дамиды. Ол қоршаған ортасын таниды дейміз. Сонда балаларымыз осындай сайтан сияқты ойыншықтармен ойнап өссе, оның жүрегін мейірімділік емес, қатыгездік сезімі жаулап алмай ма? Бала үшін жасалған әрбір дүние тартымды ғана емес, қолжетімді болуы керек емес пе? Мүмкін, сол кезде немерелеріміздің талғамы мен таңдауы өзгерер.
Сипат МЕҢДІҚОЖА,
зейнеткер.
Петропавл қаласы.