«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОР ҚЫЗМЕТІ ҚОЛЖЕТІМДІ

“Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры” АҚ-ның облыстық филиалында кезекті “Ашық есік күні” өтіп, оған 400-ге жуық адам қатысты. Осыған дейін өткізілген шараларда салымшылар ғана төбе көрсетсе, бұл жолы жоғары сынып оқушылары мен студенттер де шақырылды.

Филиал директоры Рамазан Мұқанов өскелең ұрпақтың қаржылық сауаттылығын арттыруға ерекше мән берілетініне тоқталды.

– Бүгінде зейнетақының негізгі бөлігі бюджеттік қаржы есебінен төленсе, болашақта адамдар өздері аударған жинаққа байланысты зейнетақы алатын болады. Сондықтан зейнетақыларын жоспарлауға мектеп қабырғасынан бастап дағдыландыруымыз керек, – деді Рамазан Жарылғасұлы.

Қор мамандары шараға қатысушыларға көрсетілетін қызметтер мен кеңес алу жолдары туралы айтып берді. Қазіргі таңда қор қызметтері барлық тұрғындарға қолжетімді. Республиканың барлық өңірлерінде 216 дербес қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін мобильді агенттер қызмет көрсетеді.

Биылғы көктемде Алматы, Атырау, Қостанай өңірлерінде шалғай елді мекендерге қызмет көрсету үшін жылжымалы кеңселер іске қосылған болатын. Келесі жылы бұл қызмет тағы 12 өңірде өз жұмысын бастамақ. Өзіне-өзі қызмет көрсетуді жетілдіру мақсатында барлық өңірлік филиалдарға терминалдар, он қалада ақпараттық дүңгіршектер орнатылған. Сонымен қатар толғандырған сұрақтарды қор төрайымының блогына немесе әлеуметтік желілердегі парақшаларға жолдауға болады.

Мамандар жастарға қор қызметтерін өз бетінше алуды, жеке кабинет ашып, ұялы қосымшаны қолдануды үйретті. Жастардың зейнетақы жүйесі туралы білімдері бағаланып, викториналық сұрақтар қойылды.

Жұлдыз ӘЛНӘЗІРОВА,

“Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры” акционерлік қоғамы облыстық филиалының бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp