«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОСАРЛАНҒАН СЫНЫПТАРДА САПАЛЫ БІЛІМ БЕРУ МҮМКІН БЕ?

Ауыл тұрғындары санының кемуі көптеген салаларға өз салқынын тигізуде. Салдарынан бүгінде облыстың білім беру ұйымдары желісінде шағын жинақты мектептердің үлесі 77 пайызға жетті. Ал шағын жинақты білім ошақтарының көбінде екі сыныпты біріктіріп оқыту тәжірибесі енгізілген. Бұл білім сапасын кері кетірмесе, көсегесін көгерте қоймасы бесенеден белгілі.

Шағын жинақты мектеп дегеніміз – оқушыларының саны аз болғандықтан біріктірілген, оқу үдерісін жоспарлау мен ұйымдастыруда өзіндік ерекшеліктері бар білім беретін мекемелер. Барлық мектептерде білім беру мен тәрбие сапасы бойынша қойылар талап бір болғанымен, іс жүзінде екеуіндегі жағдайдың айырмашылығы жер мен көктей екенін күнделікті көріп те жүрміз. Осы жайтты түзету қажеттігіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында да тоқталды. “Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасы алшақтап барады. Негізгі мәселе – ауылдық жердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы”, – деген болатын Президент.
Ауылдағы білім сапасының төмендеуіне мұғалімдердің тапшылығынан бөлек, осы қосарланған сыныптар кері әсер етіп тұрғанын жасырмай айту қажет. Жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес бір сабаққа берілетін 40 минуттың ішінде екі сыныпты қатар оқыту тәжірибелі деген мұғалім үшін де үлкен сынақ. Оқушылардың жағдайы тіптен қиын. 20 минут ішінде бала үй тапсырмасын айтып үлгеруі қажет әрі жаңа тақырыпты меңгеруге міндетті. Өңірімізге танымал ұстаз, білім беру саласының ардагері Қалижан Тәшкенов бұрын 45 минуттың ішінде сабақ түсіндіріп шығу қиын болғанын, ал 20 минутта бала ештеңе де үйренбейтінін айтады.
– Шағын жинақты мектептегі оқу-тәрбие қызметіндегі қиындықтар, біріншіден, біріктірілген сыныптарға арналған арнайы оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың болмауынан туындайды. Біріктірілген сыныптарда мұғалім бір мезгілде екі сыныпқа қатар сабақ өткізеді. Осыған байланысты әр сыныпқа жаңа сабақты түсіндіру кезінде мұғалім сабақ уақытының белгілі бір бөлігін ғана жұмсай алады. Мұның өзі шағын жинақты мектептің біріктірілген сыныптарында сабақ өткізуде мұғалімдерге әдістемелік көмекші болатын құралдардың қажеттілігін туындатады. Ал шағын жинақталған мектептердің материалдық-техникалық базасы нашар екені жасырын емес, – дейді Қалижан Тәшкенов.
Қазіргі таңда өңіріміздегі шағын жинақты мектептердегі біріктірілген 674 сыныпта 2516 бала білім алуда. Сыныптарды қосарлап оқытудың қиындығы шаш етектен екенін ауылда сабақ беріп жүрген мұғалімнен артық ешкім білмейді. Бірақ ұстаздар бұл туралы аса көп айтпауға тырысатын сыңайлы. Себебі, олар үшін біріктіріп оқыту мектептерді жауып тастағаннан әлдеқайда жақсы. Екіншіден, мектеп – ауылды құрып кетуден сақтап тұрған негізгі тірек. Білім ошағы жабылса баласының болашағы үшін атақонысты тастап кетуден басқа жол қалмайды. Амалсыздан көпшілік сапаға көз жұма қарауға мәжбүр.
– Мектептерде сыныптарды біріктіру қажеттіліктен туындап отыр. Мен де біріктірілген сыныптарға сабақ беремін. Бастапқы кездерде бірқатар қиыншылықтар кездесті. Дегенмен, осы күнге дейін жинақтаған тәжірибемнің, түрлі әдіс-тәсілдердің арқасында шәкірттеріме сапалы білім беруге тырысып жатырмын. Заман талабына байланысты өңделіп, білім беру үрдісіне еніп жатқан жаңа технологиялар саны көп. Сол әдіс-тәсілдердің барлығын сабақ барысында қолдану мүмкін болмаса да, санаулы баланың сапалы білім алуы үшін шығармашылықпен жұмыс істеудеміз, – дейді Жамбыл ауданындағы Троицк орта мектебінің мұғалімі Дәстен Қайырбекұлы.
Жамбыл ауданындағы 32 мектептің 17-сінде біріктірілген сыныптар бар. Әр жаңа оқу жылында баланың санына қарай сыныптар да өзгеріп тұрады. Аудандық білім бөлімінің бас маманы Нелли Иванованың айтуынша, толық комплектілі сыныпқа сабақ беретін мұғалім мен екі сыныпты қосып оқытатын әріптесіне қойылар талап бір. Ешкімге жеңілдік жоқ. Сондықтан біліктілікті арттыру үшін түрлі шаралар өткізіліп тұрады екен. Мысалы, өңіріміздегі білім беру саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының әдіскерлері Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен бірлесіп, “Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында шағын жинақталған мектептердегі біріктірілген бастауыш сыныптарында сабақтарды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдар” әзірлеген екен. Сонымен қатар бірлескен сыныптарда жұмыс істейтін мұғалімдер “Бірлестік”, “Білім сараптамасы” және “Pedagogicalworkshop” жобалары аясында өз тәжірибесімен бөліседі. “Педагогикалық идеялар фестивалі”, “Жаңа мектепке заманауи педагог”, “Үздік авторлық бағдарлама”, “Мұғалімдер олимпиадасы” байқаулары да ұйымдастырылып тұрады.
Облыстық білім басқармасының басшылығы біріктіріп оқыту ауыл балаларының сабақ үлгеріміне кедергі келтірмейтінін айтуда. Оқиын деген бала үшін ештеңе тосқауыл бола алмайды. Ауылдан шыққан балалардың арасынан жоғары қызметтер атқарып, “Болашақ” бағдарламасы бойынша шетелде білім алып жатқандар соның дәлелі.
– Біріктірілген сыныптарда сабақтың пайдалы әсер коэффициенті жоғары болатындай етіп оқу үдерісін ұйымдастыру маңызды. Өйткені, бір мезгілде мұғалім әртүрлі жастағы оқушылардың жас ерекшеліктерін, танымдық деңгейін ескеруі қажет. Біріктірілген сыныптарда сабақ жүргізу дағдыларын меңгеру, тапсырмаларды мұқият ойластыру, оқу үдерісіне қатысушылар үшін мақсаттар мен міндеттерді нақты тұжырымдау өте қажет, – деген облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімованың сөзіне сүйенсек, оқу үдерісі өнімді және сапалы болуы үшін мұғалім оқушыларды тапсырманы орындауға көңіл бөлу, алаңдамау, басқа сынып оқушыларының жауаптарын тыңдамау, жұмысын тез қайта құра білу сияқты қабілеттерге тәрбиелейді-міс.
Ауыл және қала мектептері арасындағы алшақтықты жою үшін, бірінші кезекте, шағын жинақты мектептердегі оқушылардың білім деңгейін көтеру, оқу-тәрбие жұмысының мазмұнын жақсарту қажет. Бұл – қазіргі уақыттағы өзекті мәселелердің бірі. Алайда, біріктірілген сыныптарда бұл талаптардың жүзеге аса қоюы өте қиын. Өкінішке қарай, қосарланған сыныптарда оқыту білім сапасын көтерудің емес, мектепті жаппаудың соңғы амалы ғана болып тұр.


Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltústіk Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp