«Якорь құс фабрикасында» қанаттыларға арналған жем өндіру үшін қоспажем цехы іске қосылды. Жаңа өндірістің жұмысымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов танысты.
Аталған жобаға кәсіпорын 650 млн. теңге инвестиция құйған. Жаңа қоспажем цехында Германиядан әкелінген, өнімнің жоғары сапасын қамтамасыз ететін заманауи қондырғы орнатылған. Цехтың қуаты жылына 20 мың тоннаны құрайды, бұл құс фабрикасының қажеттіліктерін толық өтейді және саланың тұрақты дамуына ықпал етеді. Былтыр «Якорь құс фабрикасы» 100 миллионнан астам жұмыртқа өндірді.
– Цех құрылысы кәсіпорынның өз қаржысы есебінен жүргізілді. Мұнда сағатына 10 тоннаға дейін дайын қоспажем шығаруға мүмкіндік бар. Өнімге 18 қоспаға дейін қосуға рұқсат етіледі. Өндірістің арқасында екі күндік қор жинауға болады. Бұған дейінгі ескі цех қажеттілікті толық өтей алмайтын. Сондықтан жаңасын салу туралы шешім қабылдадық. Бұл шығатын өнімнің бағасына да әсер етеді, – дейді құс фабрикасының директоры Серікқали Қалауғали.
Өңірде 6 құс фабрикасы бар. Былтыр облыста 600 млн. жұмыртқа шығарылса, соның алтыдан бірі Якорь ауылында өндірілген. Бүгінде мұнда 120 адам жұмыс істеуде. Еңбек адамдарының орташа жалақысы – 250 мың теңге.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».