«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОСЫЛҒАН ҚҰН САЛЫҒЫ ӨССЕ НЕ БОЛМАҚ?

Қазіргі уақытта қоғамда қызу талқыланып, бір-біріне кереғар, ұшқары, асығыс пікірлер тудырып, ортақ мәмілеге келе алмай жатқан негізгі мәселе – қосылған құн салығы (ҚҚС). Бүгінде Қазақстанда ҚҚС мөлшері 12 пайыз. Еліміз бойынша жалпы салықтың төрттен бірі қосылған құн салығы есебінен жиналады. Биліктегілердің айтуынша, бұл тым аз.

Қосылған құн салығының жалпы ішкі өнімдегі үлесі – 20, республикалық бюджеттегі үлесі одан да төмен – 10,8 пайыз ғана. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 40 пайыздан асады. Тіркелген 2,3 млн. салық төлеушінің іс жүзінде 88 мыңы, яғни 4 пайызы ғана қосылған құн салығын төлеп жүр. Бұлар – жылдық тауар айналымы 78 млн. теңгеден асатындар. Билік осы шекті мөлшерді 15 млн. теңгеге дейін түсіруді көздеп отыр. «Кәсіпкерлердің 80 пайызы осы шамада табыс тауып отыр. Қосымша 300 мыңға жуық жаңа салық төлеуші пайда болады. ҚҚС арттыру бюджетке жыл сайын шамамен 5-7 трлн. теңге мөлшерінде қаржы әкеліп, даму бюджетін 20 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», – деді Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Үкімет ҚҚС-тың мөлшерлемесін бірден 20 пайызға ұлғайтады екен деген ақпаратқа жұртшылықты сенбеуге шақыруда. Нақты мөлшерлеме әлі айқындалған жоқ. Бұл – әзірге ұсыныс қана. Түпкілікті шешім сарапшылардың, бизнес саласы өкілдерінің, экономистердің, салық мамандарының, депутаттардың қатысуымен талқыға салынып, ақпанның аяғына қарай қабылданады. ҚҚС шегін 15 млн. теңгеге дейін төмендету сегментке айтарлықтай әсер етпейді, бағалардың күрт өсуіне жол берілмеуі тиіс.

Осы ретте облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы Наталья Некрасованы сөзге тартып, қосылған құн салығын қарапайым халыққа жалпақ тілмен түсіндіріп беруді өтіндік. «Мысалы, бір бөлке нан дүкенде 195 теңге тұрады делік. Шын мәнінде оның құны бұдан төмен. Өйткені кәсіпкер мемлекетке қосылған құн салығын төлейтіндіктен, 12 пайызға тең ақшаны үстіне қосып, тұтынушы қымбатқа сатып алады. Жалпы ақша айналымын жасыру мүмкін емес, өйткені салық органдары айналымы шекке жақындап қалған компанияларды жіті қадағалап отырады. Заң бұзушылық орын алған жағдайда айыппұлдар төлеуіне тура келеді», – дейді Наталья Владимировна.

Әлемдік тәжірибеге көз салсақ, Еуразиялық Экономикалық Одақ (ЕАЭО) елдерінде қосылған құн салығы экономикалық саясаттың негізгі салықтық құралы саналады. Арменияда ҚҚС-ның стандартты мөлшерлемесі – 20 пайыз. Кейбір қызмет түрлері (медициналық, қаржылық) ҚҚС-тан босатылған. Ал экспорттық операцияларға нөл пайыздық мөлшерлеме қолданылып, экспорттаушыларға жеңілдік қарастырылған. Беларусьта 2007 жылы сатудан алынатын салық мөлшерлемесі – 18, 2010 жылы 20 пайызға жетті. Ресейде 2019 жылдан бастап енгізілді. Бұған дейін 18 пайыз болған. Кейбір әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтерге (азық-түлік өнімдері, дәрі-дәрмек, балалар тауарлары) 10 пайыздық төмендетілген мөлшерлеме қолданылады. Экспорттық операциялар нөлдік санатқа кіргізілген. Қырғызстанда 2008 жылдан бері 12 пайызға теңестірілген. Медициналық, қаржылық, тағы басқа қызметтер, экспорттық операциялар ҚҚС-тан босатылған. Қазақстанда 2006 жылы – 15, 2007 жылы – 14, 2008 жылы – 13 пайыз болса, 2009 жылдан бастап 12 пайыз сақталып келеді. Елімізде де кейбір салаларда кәсіпкерлер қосылған құн салығынан босатылған немесе жеңілдік берілген.

Дүниежүзілік банк мамандарының Қазақстанда ҚҚС-ты көтеруді ұсынуының да өз се бебі бар. Олар әлемдік нарықтағы мұнай бағасының құлдырауы, бюджет тапшылығы, төмен мөлшерлеме қазына кірісін шектейтінін алға тартады. Олардың мемлекеттік қарыз қазір басқарылатын деңгейде болғанымен, ішкі қарыз алу құнының өсуі және бюджеттің Ұлттық қор қаржысына тәуелділігі тұрақтылыққа қауіп төндіреді, сондықтан салық реформаларының кешенді бағдарламасын қолға ала отырып, салық әкімшілігін жетілдіру керек деуі негізсіз емес.

Бірақ сарапшылардың сөздеріне қарағанда, ҚҚС шегін төмендету салық базасын кеңейтіп, салықтық ауыртпалық тың әділ бөлінуін қамтамасыз етеді. Ал мөлшері көтерілсе, жұмыс берушінің әлеуметтік салығы мен міндетті зейнетақы жарналарын алып тастау арқылы жалақы қорына түсетін жүктемені орташа есеппен 10 пайыздан 30 пайызға дейін төмендету шығынын бюджет арқылы өтеуге болады. Бизнес жаңа жағдайға бейімделіп, 15 млн. теңге шегінен асқан кәсіпкерлердің міндетті түрде ҚҚС төлеуші ретінде тіркелуі және салықты тоқсан сайын төлеу тәртібі енгізіледі. Қаржыгерлер алдымен қолдағыны неге ұқсатып, бірізге келтіріп алмасқа деген ойларын айтуда.

– Президент Үкімет жұмысы қаншалықты тиімді екені алдымен экономиканың даму көрсеткіштері мен азаматтардың тұрмыс сапасына қарай бағаланатынын қадап айтты. Осы тұрғыдан бағаласақ, ҚҚС мөлшерлемесін механикалық тұрғыдан көбейту бизнеске өте ауыр тиеді. Егер ҚҚС 8 пайызға артса, дүние-мүліктің бәрі қымбаттап, баға шарықтап шыға келеді. Сондықтан Үкімет пен жергілікті билік отандық өнімдермен қамтамасыз етуге шұғыл бетбұрыс жасауы тиіс. ҚҚС көтеру және ол бойынша шекті бағаны азайту мәселені шешпейді, экономиканы баяулатып, жаппай қымбатшылыққа ұрындыруы ықтимал, – дейді қаржыгер Баян Хамзин.

Үкімет таратқан ақпаратқа сүйенсек, тұтынушылар үшін бағаның айтарлықтай өсу қаупі минималды. ҚҚС төлеуші компаниялар өздері сияқты басқа ҚҚС төлеушілермен жұмыс істеуді көздейді, өйткені бұл оларға бюджетке төленетін салық сомасын азайтуға мүмкіндік береді. Егер ҚҚС төлеуші компания басқа ҚҚС төлеушіден тауар немесе қызмет сатып алса, ол төленген ҚҚС-ты есепке ала алады, нәтижесінде оның салықтық жүктемесі азаяды. Осылайша ҚҚС төлеушілер арасындағы жүктеменің бөлінуі бағаға деген қысымды азайтады. Сонымен қатар еңбекақы қорына түсетін жүктемені азайту арқылы теңгерім сақталады. Үкімет ҚҚС мөлшерлемесінің өсу ықпалын азайту үшін еңбекақы қорына түсетін жүктемені төмендетуді жоспарлап отыр. Еңбекақы қорына түсетін жүктеменің азаюы бағаның қымбаттау қаупін төмендетеді. Бұдан бөлек қазір елімізде түрлі салаларға арналған салықтық ынталандырулар бар және олардың көбі өзгеріссіз қалады. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласындағы жеңілдіктер сақталады, бұл отандық азық-түлік бағасының қатты қымбаттауына жол бермейді. Осылайша ҚҚС мөлшерлемесінің болжамды өсуінің әсері жеңілдететін факторлармен өтеді, сондықтан бұл жалпы бағаның едәуір өсуіне әсер етпеуі тиіс.

Дайындаған

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Pıkır

Нағашыбай БАРЛЫБАЕВ,

кәсіпкер:

– Президент 7 ақпан күні отандық бизнес өкілдерімен кездесуде сөйлеген сөзінде қосылған құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды. Меніңше, кез келген реформа жан-жақты сарапталып, байыппен жүргізілгені жөн. Алайда көбіне экономика салаларының ерекшеліктері ескерілмей қалады. Үкімет ұсынған мөлшерлеме тым жоғары. Бүгінгі таңда елімізде шағын ауылдардың проблемаларын шешуге атсалысып жүрген шаруа қожалықтары аз емес. Аталған өзгерістің салдары осы шаруашылықтарға оңай соқпайды. Шағын шаруа қожалықтарының жеңілдікті несие болмаса субсидия рәсімдеуге қаржылық, дүние-мүліктік кепілдігі жете бермейді. Азын-аулақ мал, астық өсіріп, жерлестерін жұмыспен қамтып отырғанына шүкіршілік дейсің. Салық саясатына іргелі өзгерістерді уақыттың өзі ұсынып отырғанын жақсы түсінеміз. Алайда ілдәләп күн көріп отырғанымыз аздай, енді салық көтерілсе, жағдайымыз не болмақ? Үкімет бюджет кірісін арттырудың басқа мүмкіндіктерін қарастырса құба-құп.

Евгений КИНЦЕЛЬ,

заңгер, облыстық мәслихат депутаты:

– Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде, бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасау, екінші жағынан салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін ұлғайтатын тиімді жолды табу қажеттігін атап көрсетті. Жылдан жылға көлемі ұлғайып бара жатқан бюджет тапшылығы үкіметті қосылған құн салығын көтеруге мәжбүрлеп отырғаны түсінікті. ҚҚС-ті негізгі төлеушілер ретінде шағын және орта бизнеспен шектелмеуіміз керек. Сондықтан табысты ұлғайту мүмкін болмаса, шығынды қысқарту керек. Екіншіден, үкіметтің шешімімен бюджетке түсетін кіріс «ханталапайға» түсетін мысалдар аз емес. Мысалы, «Қазақстан халқына» деген жеке меншік қор «Самұрық-Қазына» мемлекеттік әлауқат қорынан 250 млрд. теңге алған. Заң бойынша ол қаржы бірінші кезекте бюджетке аударылып, есепке алынуы керек. Қосылған құн салығын 20 пайызға дейін көтеру инфляцияны күшейтіп жіберуі әбден мүмкін. Мұндай жағдайда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеріп, инфляцияны төмендетуге қауқарсыз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp