
Елімізде көпбалалы отбасыларға арналған әлеуметтік көмектің аясы кеңеюде. Биылғы оқу жылында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына қосымша 5 мың білім гранты бөлінеді. Енді бұл түлектер жоғары білімді тегін алып, арман-мақсаттарына қол жеткізе алады.
Аталмыш санаттағы балалар алдымен тамыз айына дейін өткізілетін білім беру грантын бөлудің республикалық кезеңіне қатысады. Бұл конкурста тегін оқуға түсе алмағандар қосымша бөлінген гранттарға үміткер бола алады.
Білім беру гранттарын жергілікті атқарушы органдар тағайындайды. Конкурсқа өтініштер 5-10 тамыз аралығында қабылданады. Ол үшін белгіленген үлгідегі бланкіде өтініш, білімі туралы құжаттың түпнұсқасы, Ұлттық бірыңғай тестілеудің сертификаты, медициналық анықтама және жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін тапсыру қажет. Сонымен қатар талапкерлер көпбалалы отбасынан шыққандарын және атаулы әлеуметтік көмек алатындарын растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс.
Конкурсты жергілікті атқарушы органдар құрған арнайы комиссия өткізеді. Ал комиссияға облыс әкімі төрағалық етеді. Грант иегерлерінің тізімі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Гүлшат ШАЙМЕРДЕНОВА,
облыстық білім басқармасының бас маманы.