«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОС АЗАМАТТЫҢ МАҢДАЙ ТЕРІ

Елбасымыздың ұлт алдындағы ең бір сауабы шексіз сарабдал саясаты – тағдыр тәлкегімен төрткіл дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған қандастарымызды атажұртқа шақыруы. Содан бері 1 миллионнан астам қандасымыз Отанына оралды. Сол қандастарымыздың ішінде елге келіп, шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысқан бірқатар отбасыларды білемін. Мәселен, Келлеровка ауылында осындай екі отбасы өмір сүріп жатыр. Моңғолия жерінде туып-өссе де, атамекеніне оралуды мақсат тұтқан Хоршанбай әулеті 1992 жылы қоныс аударды. Бүгінгі таңда тәуелсіздік туы желбіреп тұрған Отандарында бақытты ғұмыр кешуде. “Ерасыл” шаруа қожалығын құрған Берікбол Хоршанбай алғашында жермен ғана айналысады. Ал 2012 жылы “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 2 миллион 200 мың теңгеге мал алып, үйдегі қараның санын көбейтеді. Қажетті қора-қопсы салынғаннан кейін жұмысы бір арнаға түседі. Осындай кезде қасында болып, қолдауын көрсетіп отырған зайыбы Еркегүл мен ұлы Ерасылдың да еңбегі зор. 11 жасар Ерасыл – қазірдің өзінде-ақ ата-анасының көмекшісі. Үйдегі 14 сиырдың 13 бұзауын өзі күтіп-бағуда.

Ал екінші отандасымыз – Кәрім Октябрьдің қимылы мен ойы шапшаң, мінезі ашық. Осындай мінезінің арқасында да атамекенін жерсініп, отандастарымен тез тіл табысып кеткен. Алғашында ауыл шаруашылығының әр саласында түрлі жұмыстың басын қайырып, өз нәпақасын табады. Кейіннен қолынан іс келетін азамат “Кәрім” жеке кәсіпкерлігін құрған. 2012 жылы орта және шағын кәсіпкерлікке арналған бағдарлама бойынша 1,5 миллион теңге несие алып, ірі қара сатып алған. “Өзім дегенде өгіз қара күшім бар” дегендей, Кәрім Октябрь кәсібінің нәсібін көру үшін алған бағытынан танбай, талмай еңбек етті. Қазіргі таңда жеке кәсібі икемге келген игілікті шаруашылыққа айналды. Ал Зайыбы Алмагүл шағын орталықта тәрбиеші болып еңбек етсе, қос бүлдіршіні Динара мен Дінасыл балалық шақтың бал бесігінде тербелуде. Динара болашақта дәрігер болуды армандаса, кішкентай бауыры өртсөндірушілердің жұмысына қызығады екен. Ал отағасы – Кәрімнің болашаққа құрған жоспары көп. Соның бірі – репродуктор ферма ашу. Еңбекқор азаматтың діттеген мақсатына қол жеткізері сөзсіз.

“Елім” деп еліне оралған екі азаматтың еңбегі көпке үлгі боларлықтай. Жақын түгіл, жатқа да бауырмалдылық танытып, бірге жұмыс істеп жүргендердің еңбегін жемейтін адалдықтарымен ауылдастарының сыйластығына ие болған.

Гүл НҰРАЛИНА,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp