
Кеше өңір басшысы Ерік Сұлтанов Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматтары, еңбек ардагерлері Нэлли Иванова мен Евгений Викторовты мерейлі 75 жасқа толуларымен салтанатты түрде құттықтады.
Салтанатты шараны ашқан облыс әкімі Нэлли Александровна мен Евгений Ивановичтің еңбек жолына қысқаша тоқталып, мерейтой иелеріне жылы құттықтауын жеткізді. Екі ардагер де өз өмірлерін партия қызметіне арнаған. Нэлли Александровна қалалық комсомол комитетінде, облыстық партия комитетінде біраз жыл қызмет атқарған. Оның еңбек өтілінде ғылыми жұмыстарды үйлестіру ісіне арналған жылдары да аз емес. Қазақстан – Ресей университетінің заң кафедрасында меңгеруші болып 10 жыл еңбек еткен. Ал Шал ақын ауданының тумасы Евгений Иванович еңбек жолын “Марьевский” кеңшарында мал дәрігері мамандығынан бастап, шаруашылық директоры қызметіне дейін көтерілген. Кейін бірнеше аудандық партия комитетінде тәжірибе жинап, мемлекеттік қызметке де сүбелі үлес қосқан. Евгений Викторов зейнет демалысына облыстағы қоршаған ортаны қорғау қорының директорлығы қызметінен шыққан. “Сіздер қайда жұмыс істесеңіздер де өздеріңіздің жоғары біліктіліктеріңізді, атқарған іске адалдықтарыңызды, жауапкершілік пен принципшілдіктеріңізді көрсеттіңіздер. Шынайы көңілмен Сіздерге зор денсаулық, сергек көңіл, таусылмас жігер, отбасыларыңызға бақыт пен береке тілеймін”, – деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.
Салтанатты шарада облыстық мәслихаттың, облыстық ардагерлер және қоғамдық кеңестердің, облыс әкімдігі аппаратындағы ардагерлер кеңесі бастауыш ұйымының өкілдері және мерейтой иелерінің замандастары жылы ілтипаттары мен құттықтауларын жеткізді. Нэлли Иванова мен Евгений Викторовты жақсы танитындар олардың өмір жолына тоқталып, облысқа сіңірген еңбектеріне жоғары баға берді. Осындай жылы лебіздерді тыңдаған, құшақтары гүлге толған мерейтой иелері облыс басшысы мен жиналғандарға ризашылығын білдірді.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Вадим МУДАРИСОВ.