С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының жаңа маусымы жағымды жаңалықтармен басталды. Сахнагерлер Семей қаласы мен Қырғызстан елінде өткен театр фестивальдерінде жүлделі орындарға қол жеткізді.
Алдымен театр ұжымы 21-25 тамыз күндері Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына орай Семей қаласында өткен 27-ші республикалық театр фестиваліне қатысып, Бауыржан Жақыптың «Жан дауысы» спектаклін сахналады. Бұл фестивальде оннан астам театр ұжымы өз өнерін ұсынды. Солардың ішінде шығармашылық ізденісімен көзге түскен С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының режиссері Фархад Молдағалидің еңбегі ерекше бағаланды. Ең үздік режиссер атанған өнерпазды Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов марапаттады.
Айтулы шарадан соң театр ұжымы бірден Қырғызстан еліне жол тартты. Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Түркия елдері мен Қазақстанның үш театры бақ сынаған фестивальде үздік атанған жерлестеріміздің өнері жоғары бағаланды. Ош қаласында өткен “Art – Ordo” VII Халықаралық театр фестивалінде «Қарагөз» спектаклі екінші орынды иеленді. Оған қоса, театрдың талантты актрисаларының бірі, аталмыш спектаклде басты рөлді сомдаған Мадина Өсербаева «Үздік әйел рөлі» аталымының жеңімпазы атанды.
– Қыркүйек айының үшінші онкүндігі қарбаласқа толы болды. Семей, Ош қалаларында өткен фестивальдерде өңірдің намысын қорғап, жақсы өнер көрсетуге тырыстық. Еңбегімізді бағалаған көрермендер мен қазылар алқасына ризашылығым шексіз. Сахнагерлер бұл фестивальдерден ерекше әсер алды. Әртістерге көрсетілген құрмет шексіз болды. Жеңімпаз ретінде бізге Ташкент, Түркіменстанда өтетін екі фестивальге жолдама берілді, – деді Сәбит Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театрының көркемдік жетекшісі Фархад Молдағали.