Соңғы күндері барша спорт жанкүйерлерінің назары тағы да АҚШ-тың Лас-Вегас қаласына ауып отыр. Себебі, үстіміздегі жылғы 6 қазан күні “T-Mobile Arena”-да жеңіл салмақтағы “UFC” (ережесіз жекпе-жек) чемпионы ресейлік Хабиб Нурмагомедов ұйымның экс-чемпионы ирландиялық Конор МакГрегормен кездеседі.
Қос саңлақты жеке-жеке таныстыратын болсақ, 20 қыркүйекте ғана орда бұзар 30 жасқа толған Хабиб Нурмагомедов – Дағыстанның тумасы. Ұлты – авар. Ол соңғы алты жыл бойы “UFC”-де өнер көрсетуде. Осы спортты серік еткелі 26 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. 16 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Бүгінгі таңда Хабиб ұйымның чемпиондық белбеуінің иегері.
Конор МакГрегор өз қарсыласынан екі ай ғана үлкен. Ол Ирландияның астанасы – Дублинде туған. Әуелде футболмен айналысып, кейін ережесіз жекпе-жекке ден қояды. Ол 24 рет айқас алаңына шығып, 21 рет жеңіске жетсе, 19 кездесуде айқын басымдық танытқан.
Қазақстандық спорт жанкүйерлері бұл шараны “Qazaqstan” және “Qazsport” телеарналарының тікелей эфирлерінен Астана уақытымен 7 қазан күні таңғы сағат 07:50-де көре алады.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.