Атақты жерлесіміз Мағжан Жұмабаевтың қазақтың көптеген зиялы азаматтарымен етене араласып, дос, жолдас болғаны белгілі. Олардың арасында Алашорда қозғалысының көрнекті басшыларының бірі Міржақып Дулатов та бар.
Мағжан 1905-1910 жылдары Қызылжар қаласындағы медреседе білім алған. Қаланың ортасында орналасқан медресені Стамбул университетінде оқыған, араб, парсы тілдерін емін- еркін меңгерген Мұхамеджан Бекішев ашқан. Мұнда араб, парсы, түрік, татар тілдерімен қоса түркі халықтарының тарихы да оқытылды. Осы кезде Мағжан әдебиетпен қатты щұғылданады. Қазақ, татар әдебиеттерінен бөлек, Фирдоуси, Сағади, Ғафиз, Омар Хаям, Низами, Науаи сияқты араб, парсы ақындарының шығармаларын тұпнұсқасынан оқып үйренеді, Уфа мен Петербург баспаханаларынан шыққан Абайдың өлеңдер жинағынан, Ахмет Байтұрсыновтың «Қырық мысалынан», Міржақып Дулатовтың «Оян, қазағынан!» үлкен рух алады. Міржақып осы туындысы үшін патша үкіметі тарапынан қудалауға ұшырап, Қызылжарды паналайды. Сот кеңсесінде тілмаштық қызмет атқарып, бір жағынан, қазақ балаларына орыс тілінен сабақ береді. Мағжан Міржақыптан орыс тілінен біраз дәріс алады.
Міржақып ағасына жазған хатында былай дейді: «Осы қалаға келгелі орысша оқытып жүрген шәкіртім – Мағжан Жұмабаев сынды ақыным бар. Оның менен жасы кіші болғанымен (Міржақып – 24-те, Мағжан 16-да), өте дарынды жігіт. Екеуміздің өмірге деген көзқарасымызда айырмашылық жоқ десе де болады, достасып кеттік».
Мағжан «Айға», «Сорлы қазақ», «Алтын хакім Абайға», «Туған жерім Сасықкөл», тағы басқа жыр жолдарымен көпшілікке танылып қалған еді. Міржақып та шығармашылыққа ерекше ден қойып, «Бақытсыз Жамал» романын жазып бітіреді. Ахмет Байтұрсынов жоғары бағалаған әрі қазақ әдебиетіндегі тұңғыш роман 1910 жылы Қазан қаласында басылып шығады.
1910 жылы Мағжан Уфа қаласындағы әйгілі «Ғалия» медресесіне оқуға түскенімен, аяқтамай елге оралады. Міржақыпқа тағы да патша тыңшылары тыныштық бермей 1911 жылы көктемге салым Семейге кетуіне тура келеді. Сонда тұтқынға алынып, бір жарым жыл отырады. Бұл хабарды естіген Мағжан оған «Жауға түскен жанға», «Тұтқын» деген өлеңдерін арнайды. Түрмедегі тұтқынның ауыр жағдайын былай суреттейді:
«Кеудеде – от, іште – жалын, көзде –жас,
Күні-түні қайғы жұтқан сорлы бас.
Сабан төсек, тым қараңғы жатағы,
Наны қара, шайы қара, қарны аш!» – дей келіп, ағасына жігер береді:
«Қайғыланба, сорлы тұтқын еш нетпес,
Күн батқанмен таң атпайтын түн жетпес.
Ер жүректі азаматтың басына,
Бұл жалғанда нелер келіп, не кетпес».
Міржақып абақтыдан шыққанда Мағжан «М.Д. абақтыдан шыққанда» атты өлең арнап, қуанышымен бірге болашаққа деген сенімін білдіреді.
Міржақып кейін Орынбор қаласына келіп, Ахмет Байтұрсыновпен бірге 1913 жылы 2 ақпаннан бастап «Қазақ» газетін шығара бастайды. Мағжан болса, ағаларының ақылымен 1913 жылы Омбы қаласындағы мұғалімдер даярлайтын семинарияға оқуға түседі. 1914 жылы мамыр айында Міржақып Омбыға келіп, қалыңдығы Ғайнижамал Баймұратқызымен шаңырақ көтеру тойын жасағанда Мағжан да қатысады.
1917 жылы сәуірдің 25-і мен мамырдың 7-сі аралығында өткен Ақмола облыстық қазақ съезіне Мағжан Орынбордан арнайы келген Міржақыппен қуана қауышады. Жиі кездесіп, түрлі мәселелер бойынша пікір алысады. Міржақыптың қызы Гүлнардың айтуынша, әкесі 1926-1928 жылдары Қызылордада қызмет атқарған кезде Мағжан ұстазының үйінде болған. Бұл ағалы- інілі екі достың ақырғы кездесуі болатын. 1928 жылы желтоқсанда Міржақып тұтқындалып, Мәскеудегі «Бутырка» түрмесіне екі жылға қамалып, одан солтүстіктегі Соловкиге он жылға жер аударылады. 1935 жылы Балтық каналының бойындағы Сосновец стансасында орналасқан лагердің лазаретінде ауыр науқастан қайтыс болады. Мағжан 1929 жылы тұтқындалып, «Бутырка» түрмесіне қамалып, он жылға сотталып, Карелияға жер аударылады. 1936 жылы елге оралғанымен, 1937 жылы желтоқсанда Алматыда екінші рет тұтқындалып, 1938 жылы 19 наурызда ату жазасына кесіледі.
Сыры да, жыры да ортақ Алаштың қос азаматы тоталитарлық жүйенің құрбаны болып, 1988 жылы ғана ақталып, қалың жұртына, туған еліне біржола оралды.
Алаш арыстарының шығармаларын өскелең ұрпақ үлкен сүйіспеншілікпен оқиды, олардың артында қалдырған мұралары ешқашан өшпек емес.
Айгүл ТЕҢДІКҚЫЗЫ,
Мағжан Жұмабаев музейінің директоры.
Мағжан Жұмабаев ауданы.