«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОС ТҰЛҒА ЖАЙЛЫ ҮЗІК СЫР

Атақты жерлесіміз Мағжан Жұмабаевтың қазақтың көптеген зиялы азаматтарымен етене араласып, дос, жолдас болғаны белгілі. Олардың арасында Алашорда қозғалысының көрнекті басшыларының бірі Міржақып Дулатов та бар.

Мағжан 1905-1910 жылдары Қызылжар қаласындағы медре­седе білім алған. Қаланың орта­сында орналасқан медресені Стамбул университетінде оқы­ған, араб, парсы тілдерін емін- еркін меңгерген Мұхамеджан Бекішев ашқан. Мұнда араб, парсы, түрік, татар тілдерімен қоса түркі халықтарының тари­хы да оқытылды. Осы кезде Мағжан әдебиетпен қатты щұ­ғылданады. Қазақ, татар әде­биеттерінен бөлек, Фирдоуси, Сағади, Ғафиз, Омар Хаям, Ни­зами, Науаи сияқты араб, пар­сы ақындарының шығармала­рын тұпнұсқасынан оқып үйре­неді, Уфа мен Петербург баспа­ханаларынан шыққан Абайдың өлеңдер жинағынан, Ахмет Байтұрсыновтың «Қырық мы­салынан», Міржақып Дулатов­тың «Оян, қазағынан!» үлкен рух алады. Міржақып осы туын­дысы үшін патша үкіметі тара­пынан қудалауға ұшырап, Қы­зылжарды паналайды. Сот кең­сесінде тілмаштық қызмет атқа­рып, бір жағынан, қазақ балала­рына орыс тілінен сабақ береді. Мағжан Міржақыптан орыс тілінен біраз дәріс алады.

Міржақып ағасына жазған хатында былай дейді: «Осы қа­лаға келгелі орысша оқытып жүрген шәкіртім – Мағжан Жұмабаев сынды ақыным бар. Оның менен жасы кіші болға­нымен (Міржақып – 24-те, Мағжан 16-да), өте дарынды жігіт. Екеуміздің өмірге деген көзқарасымызда айырмашы­лық жоқ десе де болады, доста­сып кеттік».

Мағжан «Айға», «Сорлы қазақ», «Алтын хакім Абай­ға», «Туған жерім Сасықкөл», тағы басқа жыр жолдарымен көпшілікке танылып қалған еді. Міржақып та шығарма­шылыққа ерекше ден қойып, «Бақытсыз Жамал» романын жазып бітіреді. Ахмет Байтұр­сынов жоғары бағалаған әрі қазақ әдебиетіндегі тұңғыш роман 1910 жылы Қазан қала­сында басылып шығады.

1910 жылы Мағжан Уфа қаласындағы әйгілі «Ғалия» медресесіне оқуға түскенімен, аяқтамай елге оралады. Мір­жақыпқа тағы да патша тың­шылары тыныштық бермей 1911 жылы көктемге салым Семейге кетуіне тура келеді. Сонда тұтқынға алынып, бір жарым жыл отырады. Бұл ха­барды естіген Мағжан оған «Жауға түскен жанға», «Тұт­қын» деген өлеңдерін арнай­ды. Түрмедегі тұтқынның ауыр жағдайын былай сурет­тейді:

«Кеудеде – от, іште – жалын, көзде –жас,

Күні-түні қайғы жұтқан сорлы бас.

Сабан төсек, тым қараңғы жатағы,

Наны қара, шайы қара, қарны аш!» – дей келіп, аға­сына жігер береді:

«Қайғыланба, сорлы тұтқын еш нетпес,

Күн батқанмен таң атпайтын түн жетпес.

Ер жүректі азаматтың басына,

Бұл жалғанда нелер келіп, не кетпес».

Міржақып абақтыдан шық­қанда Мағжан «М.Д. абақты­дан шыққанда» атты өлең ар­нап, қуанышымен бірге бо­лашаққа деген сенімін білді­реді.

Міржақып кейін Орын­бор қаласына келіп, Ахмет Байтұрсыновпен бірге 1913 жылы 2 ақпаннан бастап «Қазақ» газетін шығара бас­тайды. Мағжан болса, ағала­рының ақылымен 1913 жылы Омбы қаласындағы мұғалім­дер даярлайтын семинарияға оқуға түседі. 1914 жылы ма­мыр айында Міржақып Ом­быға келіп, қалыңдығы Ғай­нижамал Баймұратқызымен шаңырақ көтеру тойын жаса­ғанда Мағжан да қатысады.

1917 жылы сәуірдің 25-і мен мамырдың 7-сі аралы­ғында өткен Ақмола облыстық қазақ съезіне Мағжан Орын­бордан арнайы келген Міржа­қыппен қуана қауышады. Жиі кездесіп, түрлі мәселелер бо­йынша пікір алысады. Міржа­қыптың қызы Гүлнардың ай­туынша, әкесі 1926-1928 жыл­дары Қызылордада қызмет ат­қарған кезде Мағжан ұстазы­ның үйінде болған. Бұл ағалы- інілі екі достың ақырғы кездесуі болатын. 1928 жылы желтоқ­санда Міржақып тұтқындалып, Мәскеудегі «Бутырка» түрмесі­не екі жылға қамалып, одан солтүстіктегі Соловкиге он жылға жер аударылады. 1935 жылы Балтық каналының бо­йындағы Сосновец стансасын­да орналасқан лагердің лаза­ретінде ауыр науқастан қайтыс болады. Мағжан 1929 жылы тұтқындалып, «Бутырка» түр­месіне қамалып, он жылға сот­талып, Карелияға жер аудары­лады. 1936 жылы елге оралға­нымен, 1937 жылы желтоқсанда Алматыда екінші рет тұтқында­лып, 1938 жылы 19 наурызда ату жазасына кесіледі.

Сыры да, жыры да ортақ Алаштың қос азаматы тотали­тарлық жүйенің құрбаны бо­лып, 1988 жылы ғана ақталып, қалың жұртына, туған еліне бір­жола оралды.

Алаш арыстарының шығар­маларын өскелең ұрпақ үлкен сүйіспеншілікпен оқиды, олар­дың артында қалдырған мұра­лары ешқашан өшпек емес.

Айгүл ТЕҢДІКҚЫЗЫ,

Мағжан Жұмабаев музейінің директоры.

Мағжан Жұмабаев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp