«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОС ҒАСЫРДЫҢ КУӘСІ

Жеңісті жақындатуға үлес қосқандардың бірі – тыл еңбеккері, “Құрмет белгісі” орденінің иегері Зәйіт Қаскеев. Еңбектің ерен үлгісін көрсеткен қазыналы қарт өткен күндерді еске алып, санада өшпес із қалдырған соғыстың қасіреті жайлы сыр шертті.

– Зәйіт Тілеубайұлы, әңгімеңіз­дің әлқиссасын өсіп-өнген ортаңыздан бастасаңыз.

– Біздің атақонысымыз – Аққайың ауданы. Мен 1932 жылы орта шаруа отбасында дүниеге кел­дім. Атам – Тілеубайдың Қаскей, Қасен, Кенжетай атты үш ұлы болған. Мен – Кенжетайдың баласымын. Халқымыздың басына өткен ғасырдың 30-шы жылдары қиын-қыстау заман орнады ғой. Біздің ауылдағы 17 отбасын бір түнде Ре­сейге жер аударған. Соның ішінде біз де кете бардық. Бастапқыда Есілкөлге, кейін Краснояр аймағына қоныстандық. Кеңес-Фин соғысы басталар тұста бір ауылдан көшіп барғандардың бірі Новосібірге, бірі Москаленкоға жол тартты. Біз Ишимнен 40 шақырым жерде орналасқан Голышманово ауданына қарасты Карасуль дейтін ауылға табан тіредік. Сол жерде 1940 жылы қазақтар “Жаңажол” кеңшарын құрды. Көп кешікпей соғыс басталды. Тағы да жұрт жан-жаққа бытырай бастады. Біз сол маңдағы Михайловка ауылына көштік. Әкем де, ағам да әскерге кетті. Менен кейінгі 5 баланы анам жалғыз өзі асырады. Амурда еңбек армиясынан орал­ған Қаскей (әкемнің ағасы) бізді Ресейге іздеп келді. Сөйтіп, 1943 жылы эшелонмен елге оралып, Аралағашқа қоныстандық. Туған жерге келген соң мен Қаскейдің қолында тәрбиелендім. Астраханка ауылында жетіжылдық, Петропавл қаласында Герцен атындағы сегіз­жылдық мектепте оқыдым. Жиен ағам Булаев (қазіргі Мағжан Жұма­баев ауданы) ауданына ауысып, сол жерде онжылдықты тамамдадым.

– Ел басына қауіп төнген қасіретті жылдары бұғанасы қатпаған балалар еңбектің ауыр қамытына жегілді емес пе? Сіздің де балалық шағыңызды соғыс ұрлаған болуы керек…

– Балалық шағымыз отты жылдармен тұспа-тұс келді. Соғыс басталғанда мен небары 9 жаста болатынмын. Үлкендермен бірдей ұжымшарда еңбек еттік. Аштықты да, жоқшылықты да көрдік. Киерге киім табылмайтын. Аяқ киімнің жоқтығынан жалаң аяқ жүрген кездер де болды. Балалар масақ теруге барамыз. Бүтін бәтеңке кию арман еді ғой. Сыз, суық өткен аяқ үйге келгенде ашиды. Сонда жанымды қоярға жер таппайтын едім. Көзіміз жасқа толып, пештің үстінде отыратынбыз. Ол аздай жұмыс күнінің соңында бидай ұр­лады ма деп, қалтамызды тексереді. Диірмен болған жоқ. Анамыз бидайды балғамен үгітіп, ботқа дайындайды.1945 жылы Кенжетай әскерден оралды. Бірақ ХХ ғасырдың 30-50-ші жылдары КСРО-да көптеген адамдарды, тіпті тұтастай халықтарды күштеп жер ауда­ру орын алды. Кенжетай да саясаттың құрбанына айналып, 1947 жылы Сібірге жер аударылды. Содан кейін оны көрген жоқпыз.

– “…Әкелді шуақ бар маңға, соғыстың соңғы көктемі” деп мұзбалақ ақын Мұқағали Мақа­таев жырлағандай, соғыстан кейінгі өміріңіз қалай өрбіді?

– Онжылдықты бітірген соң К.Ушинский атындағы Петропавл педагогикалық институтының тарих-филология факультетіне оқуға түсіп, оны 1952 жылы тамамдадым. Жас маман ретінде маған Смирново орта мектебіне жолдама берді. Институтта оқып жүргенде жергілікті “Ленинское знамя” (қазіргі “Северный Казахстан”) газетімен шығармашылық байланыста болдым. Мақалаларым жиі жарияланатын. Қолыма диплом алған соң, газет басшылығы мені жұмысқа шақырды. Тілші ретінде аудан, ауылдарға іссапармен шығып, мақалалар жаздым. Іле-шала тың игеру науқаны басталды. Кейін облыстық партия комитетінде бөлім меңгерушісі болып, Совет аудандық партия комитеті бюросында еңбек еттім. Сол тұста облыста аталмыш ауданда ғана қазақ және орыс тілдерінде екі газет шығатын. Журналистік өмірдің тыныс-тіршілігімен аз-мұз таныспын. Екі газетті біріктіріп, мені басшы етіп тағайындады. Білімімді жетілдіру үшін Алатаудың баурайына аттанып, Алматыдағы жоғарғы партия мектебінде журналистика мамандығы бойынша оқыдым. Әйтеуір еңбектен қол үзген жоқпын. Оқу бітірген соң қайтадан “Ленинское знамя” газетінің Булаев, Смирнов аудандарындағы меншікті тілшісі болдым. Барлық саналы ғұмырым елдің дамуына, Отанымыздың гүлденуіне үлес қосумен өтті.

– “Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра” демекші, қой үсті­не бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда өмір сүріп жатқан кейінгі буынға не айтар едіңіз?

– Қос ғасырдың куәсі ретінде со­ғыстан кейінгі, тәуелсіздікке дейінгі өмір бізге жақсы таныс. Экономикасы алға басқан Қазақстанның ең басты жетістігі – Тәуелсіздік. Сондықтан кейінгі ұрпақ бейбітшіліктің, еркіндіктің қадірін білуі тиіс. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі елде елеулі өзгерістер орын алды. Өзгесін айтпағанда өңіріміздің өзінде жетістіктер аз емес. Қала көркейіп, зәулім ғимараттар, тұрғын үйлер бой көтеруде. Бұл тұрақтылықтың, тыныштықтың жемісі.

Сұхбаттасқан

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp