
Кеше Петропавл қаласы әкімдігінің мемлекеттік қызметшілері 11 жасар баланы ажал аузынан аман алып қалды.

Ксения есімді қыздың құтқарушылары – әкімдіктің заң бөлімінің жетекшісі Наталья Дёрова мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Досұлан Босынов. Автокөлікке мініп, жұмыс бабымен «Береке» шағынауданына аттанған екеуі мұндағы теміржол өткелінің қасына келіп тоқтайды. Бір мезетте Досұлан жақын маңдағы Калинин көшесінің бойындағы жер үйдің дәлізінің шатырын шарпыған ұшқынды байқайды. Бір қауіпті сезген ол бұл жайлы бірден әріптесіне айтып, екеуі жанталаса басып үй қасына жетеді. Шатырдың отқа оранғанын көріп, көмекке жеткен көршілер болса мемлекеттік қызметшілерге үйде бала қалып қойғанын хабарлайды. Дереу «101» телефон нөміріне қоңырау шалған олар үйдің биік дуалының ішінен жабылған есігін әрең дегенде ашады.
– Үйдің пластик терезесін де әзер сындырып, алыста есеңгіреп не істерін білмей тұрған қызды байқадық. Біз оны қанша шақырсақ та естімей, үйде атасы қалғанын айтып жылаумен болды. Түтінге толы үйге кірейін деп ем, мені Наталья тоқтатып, бұл әрекет өте қауіпті екенін ескертті. Сөйтіп, біз ақыры қызды дегенімізге көндіріп, терезе алдына шақырып, әйнекке жараланып қалмауы үшін бірлесіп тысқа шығардық. Көп ұзамай өрт сөндірушілер мен мейірбикелер де келіп жетті», – дейді Досұлан Сайыпханұлы.
Оқиға орнына жеткен №3 және №5 өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері жылдам жайылған жалынды ауыздықтауға кірісті. Олар үйден далаға газ баллонын алып шығып, өртті 40 минуттың ішінде толықтай сөндірді. Өкінішке қарай, оқиға орнынан үй иесінің – 63 жастағы ер адамның мүрдесі табылды. Болжам бойынша, өрт шылым шегу кезіндегі абайсыздықтың салдарынан шығуы мүмкін. Қазіргі таңда оқиыс оқиғаның нақты себебі мен келтірілген шығын көлемі анықталуда. Белгілі болғандай, құтқарылған 13 жасар қыз сол күні туысқандарының үйіне қонаққа келіпті.
Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, Наталья Дёрова – өрт сөндірушілер әулетінің өкілі. Әкесі біраз жыл осы салада еңбек еткен. Натальяның өзі де кезінде жедел жәрдем бригадасында, азаматтық қорғаныс органдарында жұмыс істеген. Ал 13 жасында Петропавлға Шымкент қаласынан көшіп келген Досұлан Босынов университетті бітірген соң құқық қорғау органдарында еңбек еткен. Маусым айында 32 жасқа толады.