Нәзіктіктен жаралған бойжеткендер арасында спорт саласының биік белестерін бағындырып жүрген қайсар қыздар аз емес. Сонау Кеңес заманында әлемді мойындатқан мерген Гүлшат Майлыбаевадан бастап, Әлия Юсупова (көркем гимнастика), Келбет Нұрғазина (дзюдо), Лия Нүркина (таэквондо), Зәуреш Байбосынова (нысана көздеу), Айнұр Керей (синхронды жүзу), Жансая Әбдімәлік (шахматшы) сияқты қазақтың қайсар қыздарының барлығы – спорт деген ашық аспанның жарқыраған жұлдыздары. Ерекше тапқырлық пен қайраттылықты талап ететін осынау ғажайып әлемнің қыр-сырын меңгеріп, биік белестерді бағындырып жүрген бұрымдылар саны мұнымен шектелмейді. Ерекше дене күшімен, ынта-жігерімен бар қиындыққа шыңдалып, жеңіс тұғырына бірнеше мәрте көтерілген қазақ қыздарының есімдерін тізбектей берсек, санауға саусақ жетпейді. Бозкілемде белдесіп, зілтемірмен алысып, желмен жарысып жүріп, әлемге қазақ атын танытқан қаракөздердің жетістігіне қалайша қуанбайсың?! Олардың барлығы – егемен еліміздің көк туын көгімізде желбіретіп, намысты қолдан бермеуге тырысқан Алаш арулары.
Осындай, алтын моншақтардың жалғасындай Ұлбике Қасымбекова – мақсат-мұратына ұмтылған жас спортшы қыздардың бірі. Бүгінгі таңда 10-сыныпта оқитын Ұлбике – еркін күрестен спорт шеберлігінен үміткер. Күрестің қыр-сырын меңгеруге құлшыныс танытқан Ұлбикенің қол жеткізген жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Қызылжар ауданына қарасты Новокаменка ауылында туып-өскен бойжеткен 2012 жылы аудандық және облыстық деңгейде өткен сайыстарға қатысып, жақсы көрсеткішке қол жеткізген. Ал 2013-2014 жылдары Ұлбике Қазақстанның үш дүркін жеңімпазы атанып, алтыннан алқа тағынған. Білім мен спорттың тізгінін қатар алып жүрген жас спортшы күреспен 5-сыныптан бастап айналысады. Еркін күрестен ел жеңімпазының бапкері – Александр Ляшенко.
– Спорттың бұл түрі маған бала кезімнен ұнайды. Бапкерімнің ақыл-кеңестерін орындау үшін барымды саламын. Өйткені, менің көздеген межем – әлем жеңімпазы атану, – дейді Ұлбике.
Әлемдік ареналарға беталған спортшылардың қатарын қалыңдатып, талай дүбірлі додаларда жеңіс тұғырынан көрініп жүрген сұңғыла бойлы сұлулардың бірі – Динара Мыжиканова.
10-сыныптың оқушысы жеңіл атлетикамен 2012 жылдан бастап айналысады. Мағжан Жұмабаев ауданындағы Булаево қаласының тұрғыны, жас спортшы 2013 жылы облыс біріншілігінен жеңімпаз болса, 2016 жылы Қазақстанның қысқы біріншілігінде асығы алшысынан түсіп, күміс медаль алған.
– Аз уақыттың ішінде біраз жетістікке қол жеткіздім. Бірақ бұл басы ғана. Бағындыратын асулар әлі алда. Маған артқан үмітті ақтауға барымды саламын. Маргарита Мұқашева сияқты көк туымызды көгімізге көтеріп, ел құрамасының қоржынына бірнеше алтын медаль салу менің мақсатым, – дейді Динара.
Спортта дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-интернаттың оқушылары Ұлбике мен Динара – қос құрбы ғана емес, олар спорт деп аталған теңізде толқынға қарсы жүзе білген аққулар. Бірі алтын, екіншісі күміс медаль иеленген қос қарлығаштың бүгінгі шыққан белестері, міне, осындай. Әрине, алда талай сайыстар күтіп тұр.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.