Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында облысымыз өзінің 80 жылдығын атап өтуде. Бұл жүректерді жылылыққа бөлер қос қуаныш.
Осы жылдар ішінде өңіріміз биік белестерді бағындырды. Бүгінде әр сала бойынша ілгері басушылық байқалады. Тәуелсіздіктің нұрлы таңымен күннен-күнге құлпыра түскен өңіріміздің сәні мен салтанаты жарасқан келбетіне қарасаң, көз тояды.
Шаһарымыздың әдемілігін еселей түсетін тарихи ескерткіштер, заман талабына сай салынған көпқабатты үйлер, балабақшалар мен мектептердің барлығы тұрғындардың өмірін барынша жақсарту мақсатында қолға алынған жүйелі жұмыстардың жемісі.
Денсаулық сақтау – мемлекетіміздің негізгі бағыттарының бірі. Осы жағынан алғанда біздің өңірде бұл салада тың өзгерістер бар. Осыдан 25 жыл бұрын жаңа ғимаратта өз жұмысын бастаған біздің орталықтың бүгінде қол жеткізген жетістіктері осы сөздердің айқын айғағы бола алады. Біздің орталықта 360 адам қызмет етеді. Мамандардың барлығы білікті, білімді, тәжірибелі. Аудандар мен елді мекендерден жеткізілген болашақ аналар тәулік бойы дәрігерлер бақылауында болып, оларға сәбиін аман-есен дүниеге әкелуге дер кезінде көмек беріледі. Өңiрiмiзде бала туу көрсеткiшi өсуде. Бұл бiздi қатты қуантып отыр.
Жергілікті бюджеттен орталыққа соңғы екі жыл ішінде 31 миллион теңге бөлініп, осызаманғы медициналық құрылғылар сатып алынды. Бұл жұмыстардың барлығы өңіріміздің уақыт талабымен үндесіп, Елбасының саясатын жүзеге асыруға бағытталған.
Қандай салада болмасын әркім өзіне жүктелген қызметті абыроймен атқарса, облысымыздағы оң өзгерістердің қатары қалыңдап, жарқын болашаққа деген сеніміміз нығая түседі.
Наталья КЛЕБАН,
облыстық перинаталды орталықтың
бөлімше меңгерушісі.