
Облыстық филармонияның “Туған жер” би және “Әлқисса” фольклорлық ансамбльдері халықаралық байқауға қатысуда. Қос ұжым бірлесе әзірлеген бағдарламаны шілденің 11-іне дейін Словения және Хорватия көрермендері тамашалайды.
Шетелге сапар алдында олар дайындығын пысықтап, концерт берген болатын. Сахна шымылдығы мың бұралған бишілердің “Шашу” халық биімен ашылды. Қазақ ұлттық өнерін насихаттаушы “Әлқисса” фольклорлық ансамблінің мүшелері домбыра, шертер, қобыз, саз-сырнай, жетіген, дабыл және тағы да басқа аспаптарда ойнап, тыңдармандарын бір қуантып тастады. Ұлттық киім киген қыз-жігіттер аспаптар дыбысына ілесе, әдемі би билеп, кешті одан сайын көңілді ете түсті.
Аталмыш өнер ұжымдары бұл концерттік бағдарламасын Словения және Хорватия елдерінде өтетін халықаралық байқауда өзгелермен өнер жарыстырып, талғамы жоғары шетелдіктер назарына ұсынбақшы. Өнерпаздар аталмыш халықаралық додаға екі айдан астам уақыт бойы дайындалыпты. “Сегіз жұп аттанып кеттік. Біз фестивальда “Әлқисса” аспаптық ансамблінің сүйемелдеуімен тек қазақтың халық билерін билейміз”, – деді “Туған жер” би ансамблінің мүшесі Екатерина Кухаренко телефон арқылы берген сұхбатында. Өнерпаздарымыз, сондай-ақ, шетел көрермендерінің назарына қазақтың “Қара жорға” ұлттық биін де ұсынбақшы.
(Өз тілшіміз).