“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының ғимаратында пәтер иелері кооперативтері (ПИК) төрағалары мен қала тұрғындары жиналып, “Қоғамдық кеңестер туралы” Заңда айтылған қоғамдық бақылау мәселесін талқылады.
– Осы жаңа Заңның төрт бөлімінде қоғамдық бақылау жұмыстарына ерекше назар аударылған. Онда, әсіресе, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы жіті қадағалануы керек, делінген. Сондықтан біз бүгін тұрғындармен әңгімелесіп, олардың ұсыныстарын, пікірлерін тыңдаймыз. Өйткені, жыл сайын тұрғын үй көмегін алушылар мен баспаналарды жаңғыртудан өткізу шараларына бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді. Сол себепті бағытталған ақша тиімді жұмсалып, ал жұмыстың сапалы орындалуы бақылауды қажет етеді, – деді Солтүстік Қазақстан облысы пәтер иелері кооперативі қауымдастығының төрағасы Сергей Худяков.
Мәселен, “Мир-2” пәтер иелері кооперативінің төрайымы Рашида Морозованың айтуынша, ол тұратын көпқабатты үйге “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасы аясында жөндеу жұмысы жүргізіліпті. 45 пәтерлі үйдің шатыры жөнделіп, құрылыс барысын тұрғындар өздері бақылап отырған.
– Біз 12 миллион теңгеге шатыр жөндеттік. Жобалаушыны да, құрылыс компаниясын да өзіміз таңдадық. Күн сайын тұрғындар жөндеу жұмыстарының орындалуын көріп, сапасын тексеріп жүрді. Сондықтан бізде түйінді мәселе туындаған жоқ, – дейді Рашида Морозова.
Мағжан АХМАДИНА,
журналист.