«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОҒАМДЫҚ ДЕРТПЕН КҮРЕС КҮШЕЙТІЛУІ ТИІС

Өңір басшысы Ерік Сұлтановтың төрағалығымен өткен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі облыстық ведомствоаралық комиссияның отырысында денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес, осы орайда Тимирязев және Мамлют аудандарында атқарылып жатқан шаралар барысы талқыланды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мәриям Бопанованың айтуынша, ведомствода сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Әйтсе де, мемлекеттік сатып алудан сүрініп, сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызу фактілері бұл салада жиі орын алып жататыны белгілі. Мәселен, өткен жылы мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру барысында Жамбыл аудандық ауруханасының бас дәрігері құқық бұзушылыққа жол бергені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылса, биылғы жылы облыстық наркологиялық диспансердің бас дәрігері тағы да сол сатып алудан сүрінген.  

Облыс прокуроры Степан Зайтлер дәрігерлердің тегін көрсетілуге тиіс қызметтерге ақы талап ететініне қатысты азаматтардың жиі шағымданатынын жеткізді. Облыс әкімі М.Бопановаға осы мәселені назарға алуды тапсырды.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша Тимирязев ауданында атқарылып жатқан жұмыс жайын аудан әкімінің орынбасары Азамат Ысқақов баян етті. Оның айтуына қарағанда, ауданда былтыр да, биыл да сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі тіркелмеген.

Ал Мамлют ауданында өткен жылы сыбайлас жемқорлыққа жол берген бір мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылса, биыл мұндай заңсыздық орын алмапты.

Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Шыңғыс Қабдула күн тәртібіндегі мәселелердің маңыздылығын, бұл ретте аудандарда кезегін күтіп тұрған істердің әлі де аз емес екендігін атап көрсетті.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp