Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментіндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысында тұрғын үй комиссиясының, жер қатынастары басқармасының мемлекеттік қызмет көрсетуі туралы ақпараттары тыңдалды.
Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Елена Балло өзі жетекшілік ететін тұрғын үй комиссиясының жұмысы туралы баяндады. Елена Сергеевнаның айтуынша, бүгінгі күні облыс орталығында 10979 адам пәтер кезегінде тұр.
Олар “Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңелген тұлғалар”, “Чернобыль апатын жоюға қатысқандар”, “Жетім балалар”, “Аз қамтылған отбасылар”, “1-ші және 2-ші топтағы мүгедектер”, “Бюджет саласының қызметкерлері, мемлекеттік және әскери қызметкерлер” сияқты санаттарға жіктелген. Соңғы санаттағылардың өзі ғана 5485 адамды құрайды, ол жаңа жылдан бері 400 адамға өскен. Петропавлда салынып жатқан үйлер қажеттілікті өтей алмауда.
Комиссия мүшелері тұрғын үйлерді жекешелендіру, тұрғын үйлердің кезегіне қою және жаңа пәтерлер бөлу, кезектегілер тізімін түгендеу жағдайларына байланысты сауалдар қойып, бұл мәселенің ашықтығына ерекше назар аударды.
Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Есенгелді Кәрібаев мемлекеттік қызмет көрсету кезінде “Жер туралы” Заңды қолдануға байланысты туындайтын мәселелерді, ал облыстық жер инспекциясы басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев өз саласы бойынша үстіміздегі жылы атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті.
Қоғамдық кеңес мүшелері жер учаскелерін беру кезінде конкурстық комиссияның жұмыс сапасын арттыру, бюрократизмге жол бермеу мәселелеріне назар аударды.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.