Жергілікті полиция қызметінің басты міндеті қоғам тыныштығын күзету, жол қауіпсіздігін сақтау, қылмыстың, құқық бұзушылықтың алдын алу болып табылады. Алкоголизм, есірткімен күрес, жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу мен тағы басқа мәселелер бойынша жергілікті полиция қызметкерлері кешенді жұмыс жүргізуде. Учаскелік полиция инспекторлары әкімшілік аумақтарында тоқсан сайын тұрғындармен кездесу өткізіп, ахуалды жіті бақылауда ұстайтыны туралы айтқан облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі бастығының уақытша міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Арыстан Сұлтанғазиев кеше өткен облыстық қоғамдық тыңдау барысында 2017 жылдың қорытындысы мен алда тұрған міндеттерге тоқталды.
Заң бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жұмыстың нәтижесінде бірқатар қылмыс түрлері азайған. Мәселен, аса ауыр қылмыс, алаяқтық, жасөспірімдер жасаған қылмыс біршама кеміген. Сонымен қатар қоғамдық орындарда қылмыс саны – 12,6 пайызға, көшелерде бұзақылық 9,5 пайызға қысқарған. Оған өткен жылы Аққайың, Ақжар, Жамбыл, Мамлют, Қызылжар, Мағжан Жұмабаев аудандарына қарасты 77 ауылдық округте мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында орнатылған бейнебақылау камералары көп септігін тигізген. Қазіргі таңда Петропавл қаласында – 410, аудандарда 567 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – жергілікті полиция қызметкерлері жұмысының басым бағыттарының бірі. Осы орайда, баяндамашы өткен жылы облыста жол-көлік оқиғасы 19,6 пайызға азайып, өлім-жітім көрсеткіші 2,7 пайызға қысқарғанын жеткізді. Жол жүру ережесіне қатысты 86847 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Ішімдік ішкен көлік жүргізушілер де баршылық. Сондай 1577 адам ұсталып, 1126-сы жүргізуші құқығынан айырылса, жаяу жүргіншілер тарапынан да заң бұзушылықтар тіркелген.
Облыстық мәслихатта өткен қоғамдық кеңес барысында баяндамашыға жол жүру ережелеріне қатысты бірқатар сұрақтар қойылды. Жиынға қатысушыларды қоғам тыныштығын қамтамасыз ету үшін облыс орталығына әлі қанша бейнебақылау камерасы жетіспейтіні қызықтырса, жаяу жүргіншілер жолдарын жарықтандыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Әсіресе, мектептер маңындағы жаяу жүргіншілер жолдарын жарықпен қамтамасыз етудің маңыздылығы айтылды.
Қоғамдық кеңес отырысында облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Наталья Дышкант сөз алып, 2018 жылға арналған облыстық бюджетті нақтылау қарастырылатынын, оған мемлекеттік құнды қағазды шығарудан қосымша қаржының түсуі негіз болғанын айтты.
Мемлекеттік құнды қағаздар шығару есебінен түсетін 6 млрд. 474,8 млн. теңге Петропавл қаласындағы тұрғын үй құрылысына бағытталды. Бұл қаржыға “Жас өркен” шағынауданында шағын орталығы бар 9 қабатты екі тұрғын үй, 12 қабатты бір үй салынады, “Берекеде” 75 пәтерлі екі үй, Солнечный кентінде бір пәтерлі үйлер тұрғызылады.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, ауыл шаруашылығы, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармалары мен өзге де жауапты органдардың мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты регламенттерін бекіту туралы мәселелер талқыланды.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.