“Сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия” республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы өз жұмысын бастады.
Биылғы жылдың 5 наурызында Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Нұрлан Ерімбетов Президент сайлауын бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның жұмысын қайта жандандыру керектігін айтқан болатын. Ел үшін зор маңызға ие сайлау науқанының заң талаптарына сай ұйымдастырылып, шешуші сәттің тиісті деңгейде өтуін бақылайтын комиссияның біздің өңірде де өз жұмысын бастағанын айтқан “Солтүстік Қазақстан облысының Азаматтық альянсы қауымдастығы” заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Сергей Худяков:
– Біз сайлаудың бастан-аяқ ашық өтуін бақылауға міндеттіміз. Үміткерлердің сайлауалды штабтарының, сайлау комиссияларының және бұқаралық ақпарат құралдарының тарапынан жүргізілетін үгіт-насихат жұмыстарының заң талаптарына сай өтуіне де айрықша бақылау жасалатын болады. Сайлаудың әділ өтуіне Қазақстанның әрбір азаматы мүдделі болуы тиіс, – деді.
Комиссияға мүшелікке 7 үкіметтік емес ұйымның төрағалары енді. Сергей Худяковтың айтуынша, бүгінде бақылаушыларға арналған тарату материалдары әзірленуде. Сондай-ақ, сайлау туралы заңның орындалуын қадағалап, үгіт науқанын бақылауда белсенділік танытулары үшін комиссия мүшелері Астана қаласында және өңірлерде оқытылады, заңгерлер кеңесі ұйымдастырылатын болады.
Ал елді мекендердегі сайлау науқанын бақылау ісі комиссияның аудандардағы өкілдеріне жүктелмек.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.