Екі күннен бері тәртіп сақшылары облыс жолдарында “Автобус” жедел-алдын алу шарасын өткізуде.
Жолаушылар көлігі жүргізушілерінің заң бұзуын және олардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында өткізіліп жатқан шараның алғашқы сағаттарында №14 бағыттық автобустың іші лас, орындықтың жабындылары тозғаны анықталса, өзгелерінің заңсыз қосымша орындықтар қойғаны белгілі болды. Мұндай заңсыздыққа барғандарға 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Жалпы облыс орталығында күн сайын 260 бағыттық автобус қызмет көрсетеді. Олардың жүргізушілері жұмыстарына жауапкершілікпен қарап, жылдамдықты асырмауы және жол қозғалысының өзге қатысушыларына кедергі келтірмеуі аса маңызды. Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Думан Таевтың айтуына қарағанда, жыл басынан бері “Автобус” жедел-алдын алу шарасы жылына екі рет өткізіліп, 780 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Жүргізушілер белгіленген ережені ескермей, қосымша орындық, жарық аспаптарын және құрал-саймандар жәшігін қояды екен. Ал үнемі сергек болуы тиіс жүргізушілердің екі жүзден астамы рөлде отырып, ұялы телефонмен сөйлескені үшін жауапкершілікке тартылды.