Өңірге жұмыс сапарымен келген Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен еліміздің бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетов облыстық прокуратурада болып, ведомствоаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Тараптар жаңа жағдайда тиімді жұмыс істеу үшін бірінші кезекте техникалық жабдықтауды жетілдіру, сонымен қатар заманауи цифрлық ресурстарды енгізу қажет екенін баса айтты.
Ерлан Тұрғымбаев полицияны реформалаудағы негізгі принциптерді іске асыру жөніндегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларының орындалуымен танысты. Ведомство басшы «халыққа жақын полиция» қағидатын дамытудың маңызды факторы криминогенді деп саналатын және адам көп жүретін учаскелерге модуль үлгісіндегі стационарлық бекеттер орнату болып табылатынын баса айтты.
Петропавлда адамдар жаппай жиналатын, оның ішінде сауда жасап, көңіл көтеретін орталыққа жақын жерде осындай екі модуль жұмыс істейді. Олар ашылған уақыттан бері өз тиімділігін көрсетті. Стационарлық бекетке барған Ерлан Тұрғымбаев облыста осындай тағы төрт бекет ашу қажеттігін атап өтті. Заманауи кешен патрульдік полицейлер үшін қызмет атқаруға және тәулік бойы азаматтарды қабылдауға ыңғайлы.
Өңірге сапары барысында еліміздің бас полицейі жедел басқару және кинологиялық қызмет орталықтарында және кавалерия бөлімшесінде болды. Сондай-ақ, Ерлан Тұрғымбаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Ішкі істер министрі полиция департаментінің жеке құрамымен кездесті. Ресей Федерациясының Қорған, Түмен және Омбы сияқты облыстарымен шектесетіндіктен бұл өңірдің барлық полиция қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік артылатынын атап көрсетті.Министр заңсыз көші-қон, интернет алаяқтық, мал ұрлығы, синтетикалық есірткі тарату сияқты мәселелерді ұдайы бақылауда ұстауды тапсырды. Аталған қылмыс түрлері трансшекаралық сипатқа ие және бұл қылмыстармен күресу үшін шетелдік әріптестермен ынтымақтастық орнату қажеттігін жеткізді.
Динара САҒЫНДЫҚОВА,
облыстық полиция департаменті
ішкі және сыртқы коммуникациялар
бөлімінің аға инспекторы.