Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен “Nur Otan” партиясы облыстық филиалында партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті. Күн тәртібінде партия мүшелерінің жауапкершілігі, қоғамдық қабылдаудың тиімділігі сөз болды. Жиынға “Nur Otan” партиясы аумақтық филиалдарының төрағалары, партиялық бақылау комиссиясының мүшелері мен жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Отырыста партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әсем Рахметова қоғамдық қабылдауға келіп түскен азаматтардың өтініштерінің орындалу барысы жөнінде баяндама жасады.
– Бүгіндері қоғамдық қабылдаулардың жұмысын жақсарту бойынша жүйелі жұмыстар қолға алынған. Үстіміздегі жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша өңірде 2608 азамат қоғамдық қабылдауға өтініш беріп, соның 57 пайызы ақпараттық базаға тіркелді. Ал 2018 жылы қоғамдық қабылдауға 2458 азамат өтініш берген.
Бұл бағытта Шал ақын аудандық партия филиалының жұмысын ерекше атап өтуге болады, – дей келе Әсем Қалашбайқызы биыл “Nur Otan” облыстық партия филиалына көмек сұрап келгендер қатарының артқанын жеткізді. Одан кейін Тайынша, Қызылжар аудандары бойынша да тұрғындар тарапынан түскен арыз-шағымдар басым. Ал, Мағжан Жұмабаев, Тимирязев, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық партия филиалдарындағы қоғамдық қабылдаулардың жұмысы керісінше бәсеңдеген.
Жалпы, есепті кезеңде өңір бойынша түскен өтініштердің отыз пайызы оң шешімін тапқан. Тұрғындардың дені әлеуметтік қолдау мәселелеріне қатысты өтініштерді жолдағанын айтып өткен жөн. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және елді мекендердің инфрақұрылымы, тұрғын үй бөлу және жер учаскелерін ресімдеу, жұмысқа орналастыру, еңбек дауларын шешу мәселелері де жиі кездеседі.
Үстіміздегі жылдың сегіз айында өңірде 411 қабылдау өтті. Онда жеті жүзден астам азаматтың өтініші қаралды. Алайда, азаматтарды қабылдау санының оң динамикасына қарамастан, аудан әкімдері мен олардың орынбасарларының, жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен депутаттардың қабылдауларын ұйымдастыру бойынша кемшіліктер жоқ емес. Мәселен, партияның бірқатар аумақтық филиалдарында биыл азаматтарды қабылдау жүргізілмеген. Аққайың, Мамлют, Мағжан Жұмабаев аудандық партия филиалдарында бірер қабылдаудан ғана болса, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда мүлде болмаған сыңайлы. Сонымен қатар, тұрғындардың шағымдарын уақытылы қарамау бойынша қоғамдық қабылдау жұмысы мен Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес келмейтін бұзушылықтар анықталған. Өз кезегінде өңір басшысы аталған кемшіліктерге көңілі толмайтынын жеткізіп, алдағы уақытта бұл мәселеге ерекше назар аудару қажет екенін айтты.
– “Nur Otan” партиясының төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алдымызға партияның жұмысын жаңғырту міндетін қойды. Бұл әрбір бастауыш партия ұйымы мен мүшелеріне үлкен міндет жүктейді. Азаматтарды қабылдауды жүргізбеген бірқатар аудандардың жұмысын сынға алып, өздерінің міндеттеріне салғырт қараған аумақтық филиал төрағаларын жауапкершілікке тарту қажет, – дей келе облыс әкімі Құмар Ақсақалов қоғамдық қабылдау тұрғындармен жұмыс жүргізудің тиімді тетігі екенін атап өтті. Азаматтарды қандай мәселе толғандыратынын біліп, оны шешу жолдарын қарастырудың маңызы зор екенін жеткізген өңір басшысы партиялық бақылауды күшейтуге кеңес берді. Облыстық партия ұйымының басшысы депутаттық фракцияның жұмысын да сынға алып, қоғамдық қабылдаудың мобильдік қосымшасын іске қосуды тапсырды.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.