«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОҒАМДЫ ҰЙЫСТЫРАР ҚҰНДЫЛЫҚ

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің 30 жылдығын атап өтуде. Бұл – этносаралық және әлеуметтік келісімді нығайтудағы Қазақстанның ұстанымын бейнелейтін ел тарихындағы маңызды кезең. Осы уақыт аралығында этностар арасындағы бірлік пен келісімге бағытталған маңызды институт ішкі тұрақтылықты нығайтып қана қоймай, түрлі этностық және мәдени топтар арасындағы татулықты сақтап, қоғамның саяси кемелдену деңгейін арттырды деуге толық негіз бар.

Елдің тұтастығын сақтауға, халықтың бірлігін нығайтуға зор үлесін қосып жүрген Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге де белсенді атсалысуда. Қазақ тілінің негізгі қызметі – халықты біріктіру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Ana tili» газетіне берген сұхбатында соңғы уақытта қазақ тілін қолдану аясы айтарлықтай кеңейіп, қазақ тілінде сөйлейтін азаматтар саны көбейгенін айтып өтті. «Қазақ тілінің бәсекеге қабілеті және оны үйренуге деген қызығушылық барынша артып келеді. Ең бастысы, қазақ тілін білу сәнге айналды, жастарымыз оны меңгеруге ұмтылатын болды. Мемлекеттік тіл азаматтардың қызмет бабында өсуіне және табысқа жетуіне жол ашатын маңызды фактор саналады» – деген сөзі мемлекеттік тілге деген сұраныстың арта түскенін айғақтады.

Бүгінгі таңда дүние жүзінде 7 мыңнан астам тіл бар. Соның ішінде үш мыңнан астам тілге жойылып кету қаупі төніп тұр. Қазақ тілі бұл топқа кірмейді. Қазақ тілі 2024 жылы әлемде ең кең таралған тілдердің арасында 79-шы орынға тұрақтады. Бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін ғылым-білім саласындағы инфрақұрылымды жаңғыртуға, мектептер мен басқа да оқу орындарында қазақ тілін үйрету жүйесін жетілдіруге баса мән беру керек.

Тіл білген адамның дүниетанымы кең. Қазақтың мақал-мәтелдері, әндері, күйлері, сондай- ақ, ақын-жазушылардың шығармалары – бұл рухани байлық. Сол дүниемен танысу үшін біз тілді білуіміз керек. Сондықтан қазіргі таңда қазақ жеріндегі барлық этностар бірігіп, тілдің дамуына өз үлесін қосып жатыр. Белгілі жазушы, жерлесіміз Герольд Бельгердің: «Ұлтым неміс болса да жүрегім қазақ» – деген сөзі бар. Сол секілді елімізде тұрып жатқан түрлі этнос өкілдерінің де жаны қазақ екенін зор сеніммен айтамын.

Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы қол жеткізген жетістіктерді нығайтып қана қоймай, аталған бағыттағы жұмысты арттыруға басымдық беріп отыр. Өткен жылы облысымызда «Тіл керуені – 2024» жобасы сәтті жүзеге асырылды. Бұл бастаманы «Рух. Тіл. Жаңғыру» қоғамдық бірлестігі, сондай-ақ облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы және Қазақстан халқы Ассамблеясы іске асырды. Аталған жоба аясында қазақ тілін үйренуде табысқа жеткен қазақстандықтар өздерінің тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ олардың оқиғалары адам ұлтына қарамастан өзіне тіл үйренудің қолайлы әдісін таба алатындығын көрсетеді.

Қазақ тілін үйренудің көптеген әдістерінің ішінде мультимедиялық материалдарды, тіл клубтарын, онлайн курстарды және ана тілінде сөйлейтін адамдармен тілдесуді пайдалануға болады. Әр адамның өз қалауы мен мүмкіндіктері бар. Ал жоба жеке тәсілдерді табуға көмектесуімен пайдалы.

Сонымен бірге Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік тілді насихаттауға белсенді атсалысып келеді. Бізде өткізілетін іс-шараларда және мәдени алмасуларда қазақ тіліне деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көріп отырмыз. Демек біз қазақ тілін мәдениетаралық диалогтың маңызды құралына айналдыруда тиімді қадам жасадық.

Облыстық ассамблеяда қазақ тілін үйренуге және насихаттауға бағытталған бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Достық үйінің базасында қазақ тілін оқыту курстары жұмыс істейді. № 17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінде қазақ ұлттық бөлімшесі бар. Әлеуметтік желілерде қазақ тілін әртүрлі тақырыптарды қамти отыра үйрететін айдар жүргізіледі. Жыл сайын этнос өкілдері арасында «Тіл шебері» байқауы өткізіледі. Жалпы білім беретін мектептердің оқушылары «Мың бала» жобасына қатысты. Қазақ халқының бай мәдени мұрасымен етене таныстыруға бағытталған «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы солтүстікқазақстандықтар арасында танымал.

Этномәдени бірлестіктердің іс-шараларын түрлі этностың қатысуымен түрлі тілде өткізу жақсы дәстүрге айналды. «Қазақстанның орыс қауымы», «Кентрон» армян мәдениеті орталығы, «Түрік мәдениеті» қоғамдық бірлестігі, «Коперник» облыстық поляк мәдени орталығы, «Орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығы», «Радзіма» белорус орталығы, Солтүстік Қазақстан облысының орыс қауымының еліміздегі атаулы күндерге арнап түрлі іс-шаралар өткізуі өзгелерге үлгі болып табылады.

Бүгінгі таңда арамызда мемлекеттік тілді меңгерген түрлі этнос өкілдері аз емес. Себебі бұл – қазіргі қоғамдағы адамның табысты болуының құрамдас бөлігі. Тіл білігі – мәдениеттілігіміз бен елжандылығымыздың нышаны. Өзге этнос өкілдері жүрек қалауымен мемлекеттік тілді оқып, меңгерсе, нұр үстіне нұр. Сонда ғана тіл өз мәртебесіне лайық қызмет атқарады.

Мемлекеттік тілдің артықшылығына ешкім таласа алмайды. Түбінде қазақстандықтар түгел мемлекеттік тілде сөйлейтін болады. Өзге өркениетті елдерде мемлекеттік тілдің мәртебесі қандай болса, бізде де сондай болады. Халықтың мәдениеті оның тілі арқылы қалыптасатыны белгілі. Тіл – тек қана қатынас құралы емес, ұлттың бар сипатын анықтайтын оның негізгі кілті. Ендеше мемлекеттік тілді қолдау мен қолдану – біздің болашақ ұрпақ алдындағы міндетіміз.

Рашид НАДИРОВ,

«Барбанг» күрдтер қауымдастығы» РҚБ облыстық филиалының белсендісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp