Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптама тобы “Студенттердің, магистранттардың, ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің зерттеулеріндегі этносаралық бірлік пен келісімнің қазақстандық үлгісі” тақырыбында семинар өткізді.
Бұл шараның Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде өтуінің де өзіндік себебі бар. Бүгінгі таңда колледжде 22 этнос өкілі білім алуда.
– Біз үшін студенттер арасындағы этносаралық келісімді сақтау мен нығайту аса маңызды. Осыдан екі жыл бұрын колледжде Бейбітшілік пен келісім орталығы ашылған кезде студенттер арасындағы этносаралық татулықты сақтау бағытындағы тәрбиелік жұмыстар жандана түсті. Бүгінгі таңда жастарымыз елдегі бейбітшіліктің тірегі – этностардың достығы мен татулығы екенін жақсы түсінеді, – дейді Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі директорының орынбасары Алма Сәдуақасова.
Семинар барысында колледж студенттері ғылыми-сараптамалық кеңестің қызметімен және медиация, адам құқықтарының қорғалуын ғылыми тұрғыда зерттеп жүрген магистранттардың жұмыстарымен танысты. М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің магистранты Азат Мәкеновтің айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясының медиация мен азаматтардың құқықтарына бейжай қарамайтындығы жас ғалымдардың аталған қоғамдық институттың жұмысына белсене араласуына түрткі болып отыр. Ол өзінің зерттеу жұмысында елімізде азаматтардың құқықтары түр-түсіне қарамастан, тең дәрежеде қорғалуындағы оң үрдісті жан-жақты талдаған. Бүгінгі таңда осындай пайдалы зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген жастардың қатары көбейіпті.
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптама тобының жетекшісі Гүлбақша Мұсабаеваның айтуынша, үстіміздегі жылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде магистранттардың ғылыми орталығы ашылып, олар еліміздегі адам құқықтарының қорғалуы жайлы тың зерттеулер жүргізіп жатқан көрінеді.
(Өз тілшіміз).