«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОҒАМНЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

“Қарты бар үйдің – қазынасы бар” демек­ші, аға буынға деген құрметіміз ешқашан ортаймақ емес. Өмірде көр­гені көп, түйгені мол алдыңғы толқын өкілдері қоғамның темірқазығы іспетті. Талай қиындықты еңсе­ріп, егемен еліміздің дамуына сүбелі үлес қосқан асыл қазыналарымызға қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Жалпы, біз қартын қадірлеген халықпыз. Сондықтан біздің қо­ғамда алдыңғы толқынға деген қамқорлық ерекше. 

Бүгінде елімізде қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға құрмет жыл сайын артып, мемлекет тарапынан оларға көрсетілетін көмектің көлемі де ұлғайып келеді. Соңғы жылдары зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер артып, қарт адамдар мен мүм­кіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету түрлері кеңейтілді. Біздің өңірімізде 1995 жылдан бері аға ұрпақтың қоғамдағы рөлін көтеру мақсатында әлеуметтік қолдау айлығын өткізу дәстүрге айналды. Биыл облыста ұйымдастырылған қайырым­дылық сенбілігіне 116 мыңнан астам адам қатысқанын айтып өткен жөн. Жергілікті билік өкілдері қарттарды назардан тыс қалдырған емес. Әсіресе, соғыс және еңбек ардагерлерімен кездесіп, қал-жағдайларын біліп тұрады. Еңбек ұжымдары, ардагерлер ұйымдары мен білім ошақтарында мере­келік концерттер ұйымдастырылып, қарт­тардың құрметіне дастарқан жайылады. 

Өңірімізде бір ғасырлық мерейлі белеске жеткен адамдарға материалдық көмек беріліп, естелік сыйлықтар табыс етіледі. Ал ауылда тұратын қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін облыс орталығына экскурсия ұйымдастырылып, олар Қызыл­жар қаласының көрікті жерлерін тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Тағдырдың жазуы­мен қарттар үйін паналауға мәжбүр болған жандарды әлеуметтік қорғау шаралары жүзеге асырылуда. Ұрпақ сабақтастығын жалғау мақсатында түрлі кездесулер өткізілді. Мұндай шаралар қарттардың көңілін көте­ріп, жастардың санасына қозғау салады.
Үстіміздегі жылы емханаларда “Ашық есік күні” акциясы ұйымдастырылып, меди­циналық қызметкерлер көмек сұрай келген аға буын өкілдеріне тегін кеңес берді. Сондай-ақ, әлеу­меттік дәріханаларда ардагерлер мен мүм­кіндігі шектеулі жандар үшін қажетті дәрілер жеңілдікпен сатылды. Бұл орайда, алдыңғы толқынға тек мемлекеттік ұйымдар мен тиісті органдар ғана емес, қоғамның әр мүшесі қолдау көрсетуі тиіс екенін айтып өткен жөн. Өйткені, жасы үлкенді құрмет тұту, қарттың бүгілген беліне сүйеу болу – біздің ата дәстүріміз.

 

Ақсәулеш СЫЗДЫҚОВА,
облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру
және әлеуметтік бағдарламалар
басқармасының бас маманы.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp