“Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды “Жастар жылы” деп жариялауды ұсынамын”, – деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауында. Яғни, жастарға көрсетілетін қамқорлық артып, түрлі салалар бойынша қолға алынған бастамаларға қолдау көрсетілетін болады. “Жастар жылын” табысты өткізуді “Жас Отан” жастар қанаты облыстық филиалының мамандары да көздеп отыр.
Алдағы уақытта жүзеге асыруды ойлап отырған жобаларымыз аз емес. Мәселен, осы жылы “Жас Отан” мобильдік қосымшасын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар жастар арасында киберспорттық ойындарды ұйымдастыруға бағытталған “CUBER арена” жобасын жүзеге асырып, белсенді жұмысымен көзге түскен жасотандықтарды енгізу үшін “Жас Отан” жастар қанатының құрмет кітабын ашпақ ойымыз бар.
Бүгінгі таңда өңірімізде “Жас Отан” жастар қанатының он мыңнан астам мүшесі бар. Петропавл қаласында және барлық аудандарда, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ мен облыс орталығындағы сегіз колледжде “Жас Отан” орталықтары жұмыс істейді. “Нұр Отан” партиясының үстіміздегі жылы қолға алған “English for jastar” қанатқақты жобасы бойынша шетелден келген еріктілермен бірге біздің жасотандықтар алты ауданда 500-ден аса мектеп оқушысының ағылшынша сөйлеу шеберліктерін жетілдірді. Аталмыш жоба Мамлют ауданында жоғары нәтиже көрсетті. Сондықтан алдағы уақытта жобаны оқушылардың жазғы демалысы кезінде тағы да жүзеге асырмақ ойымыз бар.
Жастар арасындағы үздік IT-жобалар мен ақпараттық технологияларды қолдауға бағытталған “NURINTECH” жобасы да жастар үшін үлкен мүмкіндік. Биыл жобаға қатысушы жастардың легі біршама артып, республика бойынша біздің облысымыздан 30-ға жуық өтініш түскен.
Өткен жылы өңір жастары қолға алған жұмыстардың бірі – қолданыстағы кітапханаларды заманауи білім тарату орталықтарына айналдыру. Бүгінде облыста осындай 14 орталық жұмыс істейді. Заманауи орталықтарда өңір жастарымен кездесулер ұйымдастырылып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауы, сондай-ақ, “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласының маңызы төңірегінде әңгіме өрбітеміз. Облыс жастары мен белсенділері үшін пікірсайыстар мен семинар-тренингтер ұйымдастырамыз.
Өңір жастары әрқашан қайырымдылық, қарттарға, балаларға қамқорлық жасауда белсенділік танытады. Былтыр “Ардагерлерді ардақтайық” жобасының аясында жасотандықтар Петропавл қаласында және аудандардағы ардагерлерге, тыл еңбеккерлері мен жалғызбасты зейнеткерлерге үйлерінің аумағын жинастыруға қолғабыс етті. Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне бекітілген жастар қарияларды үнемі назарларында ұстайды.
“Жас Отан” жастар қанатының қайырымды әрі белсенді жастары балалар үйлеріне де жиі барып, аз қамтылған отбасылардың балғындарын назарынан тыс қалдырған емес. Өткен жылы Соколов, Полудин балалар үйлеріне, Петропавл қаласындағы отбасылық үлгідегі балалар ауылына және кәмелеттік жасқа толмағандарды бейімдеу орталығына бірнеше мәрте ат басын бұрып, шамашарқымызша көмек көрсеттік.
“Адам еңбекқор болып, өз кәсібін жақсы меңгергенде және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табыс артады”, – делінген Жолдауда. Осы міндетті жүзеге асыруға бағытталған “Бизнес-ментор” жобасын жүзеге асыру бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Жастар диалогтық алаңдарда өңіріміздегі тәжірибелі кәсіпкерлермен кездесіп, өз істерін ашу үшін ақыл-кеңесіне жүгінеді. Аталмыш жоба аясында бүгінге дейін онға жуық кездесу ұйымдастырылды.
Облыс жастары спортпен белсенді түрде айналысып, саламатты өмір салтын ұстанады. Жастар арасында футболдан “PetroLeague”, “PetroCup” шағын турнирлерін ұйымдастыру жөнінде бастама көтердік. Былтыр ұйымдастырылған үш турнирге мыңнан астам адам қатысты.
Жастар жылында тиімді жобалар мен игі істеріміз жалғасын табарына сенімдіміз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жастарға үлкен сенім артып, болашағымыздан үміт күтіп отырғанда, бұл сенімді ақтау – біздің басты міндетіміз.
Абылайхан ҚАЙРОЛЛАЕВ,
“Жас Отан” жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы.