М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Елбасының биылғы жылғы Жолдауын түсіндіруге арналған кездесу өтті. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарынан жасақталған ақпараттық-насихат тобының тарихи маңызы зор құжаттың мән-маңызын алдымен өңіріміздің жастары арасында түсіндіруді мақсат тұтуларының да өзіндік себебі бар.
Халық қалаулылары Абай Тасболатов, Шафхат Өтемісов, Юрий Тимощенко, Иван Клименко мен Михаил Чирков биылғы Жолдаудың, әсіресе, жастарға үлкен сенім жүктейтінін атап көрсетті. Өйткені, елдің тұрақты дамуына, мемлекеттің барлық саласына, жаңа технологиялық-инновациялық дамуымызға серпін беретін де – осы жастар.
Абай Бөлекбайұлы атап өткендей, еліміз үшінші жаңғыруға қадам басып отыр. Мемлекет басшысы мән беріп отырған басымдықтар мен бағыттардың бәрі де халық үшін маңызды. Сондықтан халық қалаулысы Жолдаудағы білім, тіл, технологиялық даму мәселелеріне қатысты өзінің ойларын ортаға салды. Әсіресе, ағылшын тілін меңгеру уақыт талабына айналып отырғанын айтты. Сондай-ақ, бүгінгідей ғылым мен техниканың дамыған заманында жаңа инновациялық стартаптарды меңгеру, ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту, технологияның соңғы жаңалықтарынан хабардар болу – Қазақстан жастары үшін қажеттілікке айналуы тиіс.
Депутаттар билік құрылымындағы өкілеттікті бөлу мәселесіне орай туындаған конституциялық өзгеріске байланысты да дәйекті түсініктеме жасады. Жаһандану үрдісінен қалыспай, заманауи игіліктерді өз бойына біріктіріп, қоғаммен ұштастыра алатын жастарды жаңа тұрпатты кезеңге сай білім беріп, тәрбиелеу ұстаздар алдындағы ұлы жауапкершілік екенін еске салып, Жолдаудан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға бар күш-жігерді жұмылдырып, бірге атқаруға шақырды.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.