
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов өңіріміздің тәртіп сақшыларын “Динамо” дене шынықтыру-спорт қоғамының 90 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген Қазақстан полициясы күнімен құттықтады.
– Бұл – өмірін қоғамның тыныштығын сақтау, қылмыспен күресу сияқты аса жауапты саламен байланыстырған ішкі істер органдарының қызметкерлері үшін ерекше мереке. Біздің облыстың полицейлері қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқығын қорғау жолында аянбай еңбек етуде. Сондай-ақ, ішкі істер органдарының қызметкерлері қоғамдық өмірге де белсенді араласуда, – деген өңір жетекшісі бірқатар тәртіп сақшыларын мінсіз қызметі, жоғары көрсеткіштері үшін Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен марапаттады.
Олардың арасында облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов те бар. Ал облыс әкімі Ерік Сұлтановқа ішкі істер органдары жұмысының тиімділігін арттыруға, материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған жұмыстарға зор үлес қосқаны үшін Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамотасы табыс етілді.
Салтанатты шараға жерлесіміз, Лондонда өткен жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Александр Винокуров те қатысты. Ұшқан ұясын құттықтауға келген атақты спортшы Алғыс хатпен марапатталды. Александр Винокуровтың жеңіспен аяқталған спорттық өміріне жол ашқан “Динамо” дене шынықтыру-спорт қоғамының арғы-бергі тарихына тоқталған оның Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұлов тәуелсіздік жылдары өздерінде жаттыққан спортшылар 46 Олимпиада медалін жеңіп алғандығын жеткізді.
Сондай-ақ, жазғы спартакиада барысында күш құрылымдары қызметкерлерінің арасында шағын футболдан, арқан тартудан, самбодан ақтық сындар өткен еді. Мерекелік шара үстінде сондағы жеңімпаздар марапатталды. Командалық есепте облыстық ішкі істер департаменті жеңімпаз атанып, бірінші орынға тігілген автокөлікті олжалады.
Жағымды сәттерге толы болған салтанатты шара мерекелік концертке ұласты.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.