Кеше облыстық ардагерлер ұйымының VII есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Аталмыш ұйым 2011-2015 жылдар аралығында атқарған жұмысының қорытындысын шығарып, жаңа бесжылдық кезеңге міндеттер белгіледі. Конференцияға облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысты.
Баяндамашы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізовтің айтуынша, бүгінде аталмыш ұйымның 76 мыңға жуық мүшесі бар. Алайда, әлі де болса ешқандай ұйымға енбей қалған зейнеткерлер аз емес. Мәселен, ондай зейнеткерлердің саны Петропавл қаласында 19 мыңнан асады.
Облыста ардагерлердің ұйытқы болуымен түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Өткен жылдың қазан айында ардагерлер кеңесі орталық төралқасының кеңейтілген көшпелі отырысы да бізде өтті. “Аталмыш шараның тәрбиелік маңызы зор болды. Новомихайловка бастауыш ұйымының жұмыс тәжірибесі көпшілік көңілінен шығып, оны еліміздің басқа да ардагерлер бірлестіктерінде қолдану жөнінде ұсыныс жасалды. Сондай-ақ, өңірімізде ардагерлер бірлестіктерінің 25 жылдығына орай Астана қаласы, Ақмола, Қостанай, Қарағанды облыстары өкілдерінің қатысуымен ардагерлер активінің республикалық семинары және бастауыш ұйымдар мен аумақтық кеңестер төрағалары үшін бірнеше аймақтық семинар-кеңестер өткізілді”, – деді Ескендір Елеусізов.
Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу кезінде де атқарушы органдардың қолдауымен көптеген жұмыстар жүргізілді.
Ардагерлер ұйымдарының құрылғанына 25 жыл толуына орай қоғамдық мұражайлардың республикалық байқауына солтүстікқазақстандықтар белсене қатысты. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның, Уәлиханов, Мамлют, Қызылжар аудандарының тарихи-өлкетану мұражайлары үздіктер деп танылған. Байқау қорытындысы бойынша облыстық ардагерлер кеңесі “Мұражай – патриоттық, рухани-адамгершілік, еңбек тәрбиесінің орталығы” және “Ардагерлер жастарға үлгі” атты кітаптар шығарды.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында жарық көрген “Өшпес ерлік” кітабы – облыстық ардагерлер кеңесі мен “Асыл мұра” орталығының бірлескен еңбегінің жемісі.
Облыста алдыңғы толқын өкілдерінің 255 клубы жұмыс істейді. Олардың құрамында үш мыңнан астам адам бар. Ардагерлердің көркемөнерпаздар ұжымдарының көпшілігі “Халықтық” атауын алған. Олардың арасында дәстүрлі халық мәдениетін насихаттайтын “Балқадиша” вокалдық тобы, “Приишимские зори”, “Возрождение”, “Бескөл нұры” хор ұжымдары, тағы басқалары бар.
Есепті кезеңде ардагерлер тарапынан 13,5 мыңнан астам түрлі өтініштер түсіп, қарастырылған. Нәтижесінде бір жарым мыңнан астам ардагер санаторлық-курорттық ем алуға, есту аппараттарына, тегін дәрі-дәрмекке, мүгедектер арбасына, тағы басқаға қол жеткізген.
Жиында облыстық ардагерлер ұйымының тексеру және мандаттық комиссияларының есептері де тыңдалды. Орталық ардагерлер кеңесінің және облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі Мария Батаева Президент Жарлығымен 1 наурыздың Алғыс айту күні болып жариялануына орай өңір басшысы Ерік Сұлтановқа облыстың ардагерлер активімен кездесіп, олардың өтініштері мен ұсыныстарын назардан тыс қалдырмайтынына, жалпы қазақ халқының төзімділігіне алғысын жеткізді. Сондай-ақ, ол еңбек адамының рөлін арттыруда, жастарға патриоттық тәрбие беруде ардагерлердің қоғамдағы орнына аса көңіл бөлінбей келе жатқанын тілге тиек етті.
Мамлют аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Омаров, Оңтүстік-Орал темір жолы Петропавл бөлімшесінің бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы Ирина Ануфриева, Айыртау аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Анатолий Мигаль, “Асыл мұра” орталығының жетекшісі Таңат Сүгірбаев, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Наталья Ефремова жарыссөзге шығып, бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Жиында сөз алған өңір басшысы Ерік Сұлтанов:
– Биыл – ел тәуелсіздігінің 25 және облыстың 80 жылдығы аталып өтіледі. Сіздер еліміздің аяғынан жаңа тұрған қиын кезеңдеріндегі істердің басы-қасында болып, ыстық-суығын бірге бөлістіңіздер. Осы жылдарда өңіріміздің қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, оның дамуына сүбелі үлес қосып келе жатырсыздар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында алға қойған міндеттерді сіздермен бірге еңсеретін боламыз , – деді.
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов ардагерлер көтерген мәселелердің ескерусіз қалмайтынына сендірді.
Конференцияда ұйымдық мәселелер қаралды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып Е.Е.Елеусізов қайта сайланды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.