«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОҒАМЫМЫЗҒА ҚОЗҒАУ САЛАТЫН ҚОЗҒАЛЫС

Елдің және өзінің болашағына бейжай қарай алмайтын адамдардың басын біріктіріп, бүгіні мен ертеңін Қазақстанмен байланыстыратын азаматтарға әлемдегі ең мықты мемлекеттің бірінің іргесін қалауына мүмкіндік беруді мақсат тұтқан “Қазақстан – 2050” жалпыұлттық қозғалысы өңірімізде кезекті жобасын жүзеге асыруда. Осы орайда облысымызда жұмыс бабымен жүрген аталмыш қозғалыстың медиа-директоры Қанат Әуесбаймен кездескен едік.

– Қанат Әуесбайұлы, өңірімізге алғаш рет келіп отырсыз. Бұл жұмыс сапарыңыздың себебін айтып өтсеңіз.

– Қазақстанда табаным тимеген екі өңір бар. Солардың бірі Қостанай облысы болса, екіншісі – Қызылжар өңірі. Солтүстік Қазақстан облысында “Қазақстан – 2050” жалпыұлттық қозғалысының “Talks – 2050” деп аталатын шарасын өткізбекпіз. “Talks” деген сөз ағылшын тілінен аударғанда әңгімелесу деген мағынаны білдіреді. Алғашқы форум Атырау қаласында өтті. Форумда мұнайлы өлке атанған Атырау облысына тән түйткілді мәселелер талқыланды. Мұнай өндірісінің келешегі қандай, шикізатқа тәуелді ел болып қаламыз ба, әлде дайын өнім жасап шығаратын экспортты мемлекет ретінде таныламыз ба, шетелдік нарыққа шығудың қандай қиыншылықтары бар, мұнай өңдеу зауыттарының тыныс-тіршілігі қай деңгейде деген мәселелер төңірегінде әңгіме өрбіттік. Дәл осындай форум Астана қаласында да ұйымдастырылды. Онда форумға қатысушылар Астана тұрмысқа қолайлы ма, жұмысқа қолайлы ма деген сауал төңірегінде өз ойларын білдірді. Алдағы уақытта Оңтүстік Қазақстан облысында мақта-мата өндірісі қаншалықты даму ұстінде деген мәселені көтермекпіз. Бір сөзбен айтқанда, форумға әр өңірдің өзіне тән мәселесі арқау болмақ. Ел аузында жүрген өзекті мәселелерді күн тәртібіне шығарып, оны шешудің мүмкіндіктерін халыққа көрсетеміз. Құзырлы органдардың құлағына жеткізіп, құлаққағыс етеміз. Мәселені көтеріп қана қоймай, қоғамға қозғау саламыз. Қоғамдық қозғалыс ретінде мәселенің шешілуіне ықпал жасаймыз. “Talks – 2050” – бейресми форум. Қатып қалған формальділік пен қатаң тәртіп жоқ. Форумға қатысатын түрлі саланың өкілдері көтерілген мәселелерді бүге-шігесіне дейін талқылап, шешу жолдарын көрсетсе, діттегеніміз орындалар еді. Форумға өз өлкесіне, жеріне жаны ашитын азаматтарды шақырамыз. Ешкім келмесе, бұл өңірде барлығы жақсы, “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” өлке деп ойлаймыз. Бірақ олай емес қой. Тек әлеуметтік желілердің көмегімен азаматтық ұстанымы мығым, белсенділігі жоғары азаматтарға үндеу тастап отырмыз. Осы сенбі күні Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында өтеді. Форум “Қазақстанның солтүстік қақпасы: кешегісі, бүгіні, ертеңі” деген тақырып аясында болмақ.

– “Қазақстан – 2050” жалпыұлттық қозғалысы” деген атаудың өзінің жүгі ауыр. Алдарыңызға қандай міндет қойып отырсыздар?

– Осыдан екі жылдай бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашақ” бағдарламасы түлектерінің форумына қатысқан еді. Сол форумда “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асыру жолында айтылған мақсат-міндеттерді халыққа насихаттап, соның айналасында жобалар жүзеге асыратын қозғалыс құрылса деген ұсынысын айтқан еді. Бір топ белсенді жас азаматтар Елбасының бастамасын құп алып, “Қазақстан – 2050” жалпыұлттық қозғалысын құрды. Алдымызда тұрған мақсат – стратегияда көрсетілген міндеттерді орындамас бұрын оны алдымен халыққа жан-жақты түсіндіріп, санасына қозғау салу. Қоғам тарапынан ынта, құлық болмаса, кез келген бағдарлама мінсіз болса да оның орындалуы тежеле береді. Мәселен, 2020 жылға дейін халықтың кем дегенде 30 пайызы бұқаралық спортпен айналысу керек деген мақсат бар. Осының аясында нақты жобаларды жүзеге асырамыз. Мәселен, марафондар сияқты саламатты өмір салтын насихаттайтын шаралар өткізуіміз мүмкін.

– Осы күнге дейінгі атқарған жұмыстарыңызға қарап отырып, жаңашыл жобаларды көрдім. Креативтілікке басымдық беретін сияқтысыздар. Жобалар төл туындыларыңыз ба, әлде тәжірибеде бар ма?

– Біз “Әлемде велосипедті қайта ойлап табу қиын” деген қағидатқа сүйенеміз. Қозғалыс мүшелерінің дені – дамыған Батыс елдерінің жоғары оқу орындарында оқыған студенттер. “Жақсысын үйрен, жаманынан жирен” деген сөзді басшылыққа ала отырып, сол жақта жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобаларды қарап, оларды іріктеп, сүзгіден өткіземіз. Біздің ділімізге сай келетін тиімді әлеуметтік жобаларды неге жүзеге асырмасқа? Бұл да қоғамды дамытуға қосар үлесіміз. Біз қоғамдық негізде жұмыс істемейміз. Кеңсеміз, басшылығымыз, орталық әкімшілік, белгіленген еңбекақымыз, 15 өңірде үйлестірушілеріміз бар. Өзгелерден ерекшелігіміз, қағазбастылыққа салынбай, қасаң стереотиптерден бойды аулақ салып, еркін форматта жұмыс істегіміз келеді. Әрине, еркіндік дегенде шектен шығу, шырқын бұзу деп түсінбеу керек. Барлық жұмысымыз заңның аясында жүзеге асырылуда.

– Қателеспесем, жиырма шақты жобаны жүзеге асырдыңыздар. Осы жобалар қаншалықты тиімді?

– Әр жұмыстың нәтижесін бірден көру мүмкін емес. Ол болашақтың еншісінде. “Зияткер ұрпақ” деген жобамыз бар. Аталмыш жоба бойынша түрлі саланың елге танымал азаматтары ауылдық мектептерге барып, дәрістер оқыды. Мысалы, медицина саласының мықты маманы ауыл балаларына дәрігерліктің қыр-сырын айтып, оқушыларға кәсіби бағдар береді. Бұл ауыл балалары үшін маңызды деп ойлаймын. Талай жыл өтседағы ұмытпай, оқушы кездерінде осындай танымдық кездесу болғанын айтып жүрер еді. Себебі, өзім мектепте оқып жүргенде ақын, жазушылармен кездесу өткен еді. Сол кісілердің айтқандары әлі күнге дейін есімде. Қазақта “Бір адам мың адамға олжа салады” деген сөз бар. Кездесуге қатысқан барлық адамның санасын өзгерту мүмкін емес. Бірақ арасында тым болмаса бір бала дәрігерлік мамандықты таңдаса, біздің жасаған жұмысымыздың зая кетпегені деп түсінемін. Бүгінде жарық дүние есігін ашқан 10 баланың үшеуі жүрек ақауымен туады екен. Осы орайда туабітті жүрек ақауы бар балаларға көмектесу үшін алдымен ата-аналарын оқыту қажет. Осы орайда қозғалыс “Сәби жүрегі. Туабіткен жүрек ақауы туралы ата-анаға арналған кітап” құралын шығарды. Оқу құралында туабітті жүрек ақауының негізгі түрлері мен емдеу тәсілдері түсінікті тілмен баяндалады, жүрек ақауларының пайда болу себептері және тұқым қуалаушылық арқылы берілу қаупі мәселелері қозғалған. Алайда, бұл кітап тек орыс тілінде ғана еді, ал мемлекеттік тілдегі нұсқасы жоқ болатын. Сондықтан кітапты қазақ тіліне аударуды қолға алып, көмектесуге ниет білдірген еріктілердің арқасында ісімізді ойдағыдай аяқтадық. Туабіткен жүрек ақауы бар балалардың ата-аналарын жинап, оларға тегін тараттық. Кітап орыс және қазақ тілдерінде басып шығарылып, жүрекке ота жасалатын орталықтарға, ауылды жердегі амбулаториялық пункттерге де берілді.

– Бүгінгі таңда қозғалыстың қанша мүшесі бар?

– Қатарымыз 8 мыңға жетті. Мүшелерімізге билет беріп, жарна төлетпейміз. Ең бастысы, азаматтық белсенділігі жоғары болса, біздің жобаларға үн қатысып, орындалуына ықпал етіп, атсалысып, көмектесіп жатса, өз ұсыныстарын айтса, сол адамдарды мүше ретінде қабылдаймыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp