Облыстық ішкі істер департаменті жанындағы қоғамдық кеңестің кезекті отырысында лаңкестікке және діни экстремизмге қарсы күрес мәселелері талқыланды.
Қаралатын мәселенің ауқымдылығына қарай, кеңейтілген отырысқа Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің, дін істері жөніндегі басқарманың, төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің, прокуратураның, облыстық соттың, әділет басқармасының, ішкі істердің желілік бөлімшесінің, түзету жүйесі департаменті басқармасының, үкіметтік емес қоғамдық бірлестіктердің қызметкерлері шақырылды.
Ішкі істер департаменті экстремизммен күрес бөлімінің бастығы, полиция капитаны Руслан Мұхамеджановтың айтуынша, экстремизммен және лаңкестікпен күрес жаһандық сипат алып отыр. Жалғыз құқық қорғау органдарының ғана бұларға қарсы тұруға дәрмені жетпейді. Сондықтан діни ағымдар тарапынан дін заңдылықтарының бұзылуын анықтау мен оның жолын кесуге арналған жан-жақты мақсатты жұмыстар жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, өткен жылы экстремизммен күрес бөлімі осы бағыттағы 32 заң бұзылу оқиғасын анықтады. Солардың арасында тіркелмеген діни бірлестік құрып, оған басшылық жасау, дінді заңсыз уағыздау, сондай-ақ, жалған діни ағымдарға бой ұрушылар тарапынан заңсыз медициналық әрекетпен айналысу сияқты заңға қайшылықтар орын алған.
Қозғалған мәселе бойынша түзету жүйесі департаменті басқармасының шұғыл әрекет бөлімінің бастығы Жомарт Айтбаев пікірін білдіріп, экстремизммен және лаңкестікпен байланысты қылмыстары үшін жазасын өтеушілермен жұмыстағы іс-тәжірибені ортаға салды.
Ал “Конфессияаралық және этносаралық қарым-қатынастарды зерттеу орталығы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Сәуле Сүлейменованың айтуынша, облысымызда құрамында теологтар, дәстүрлі діндердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, сондай-ақ, құқық қорғау органдарының қызметкерлері бар ақпарат-насихат топтары жұмыс жүргізуде. Әсіресе, оқушылар мен студент жастар арасында діни экстремизм мен лаңкестіктің алдын алуға айрықша көңіл бөлінуде.
Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов осы мәселе бойынша пікір алысу барысында этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау, экстремизм мен лаңкестікке жол бермеу ұдайы қатаң бақылауда болуы қажеттігіне назар аударды. Бұл орайда ол құқық қорғау органдарының қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңнамаларын толыққанды пайдаланып, осы саладағы білімдерін үнемі жетілдіріп отыруға тиіс екендігін қадай айтты.
Қоғамдық кеңестің отырысында ішкі істер органдарының қызметкерлерін әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі де қозғалды. Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Виктор Букреев полиция қызметкерлеріне заңмен қарастырылған жеңілдіктер және кездесіп жүрген проблемалар жайында егжей-тегжейлі баяндады.
Кеңес мүшелері қаралған барлық мәселелер бойынша тиісті органдарға ұсыныстар даярлауды қолға алды.
Мәдина БАЛҒАШОҚОВА,
облыстық ішкі істер департаментінің
баспасөз хатшысы.