Халқымыз “Бірлігі бекем елдің берекесі мол” екенін әрқашан дәттеп отырады. Қоғамның тірегі – татулық, бірлік, береке, ынтымақ. Бүгінде елімізде арман-тілегі бір мүддеге тоғысқан түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Ел үшін бұдан асқан құндылық жоқ. Біле білген адамға татулық салтанат құрған тәуелсіз елде бейбіт өмір сүрудің өзі үлкен бақыт.
Биылғы жыл берекелі, рухани жетістіктерге толы болды. “Қызылжар” орталық мешітінің ұйымдастыруымен Мұхаммед пайғамбарымыздың құрметіне орай “Ғибратқа толы ғұмыр” атты Мәуліт тойымен басталған берекелі жылдың айшықты сәттері аз емес. Өңірімізде жыл бойы түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның ішінде рухани кештер мен қайырымдылық акциялары, өскелең ұрпақ өкілдерімен кездесу, экскурсия, сауат ашу курстары, Құран кәрімді жатқа айту және мәнерлеп оқу сайысы өтті. Әсіресе, қасиетті Рамазан айында ізгі амалдар жасау дәстүрге айналған. Халқымызда “Оң қолың бергенді, сол қолың білмесін” деген тәмсіл бар. Десе де, биыл мешіт тарапынан Арыстағы ағайындарға қаржылай көмек көрсетілгенін айтып өткен жөн. Ал қайырымды іс садақа беруден бастау алатынын ұмытпауға тиіспіз.
Жақында “Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі” атты ІІІ аймақтық имамдар форумы өтті. Түрлі сала өкілдерінің басын қосқан айтулы шарада “Жеті рухани қазық” Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы түсіндіріліп, кеңінен талқыланды. Бұл орайда тұғырнаманың маңызы не, мақсаты қандай деген сауал туындайды. Жалпы, қазақ үшін жеті қасиетті сан. Ал имандылық, отаншылдық, білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік, әділдік сынды жеті бағыттан тұратын имани құндылықтарды сақтау маңызды. Қазіргі қоғамға қажет осындай асыл қасиеттер тұрақтылықты сақтауға, жастардың рухани дамуына ықпалы зор болады деп ойлаймын.
Имандылық – адам бойындағы ізгіліктің көрінісі. Ар, инабат, қайырым, ізет, ықылас, кеңпейіл мен ізгі қасиет имандылық аясында топтасады.
О дүниеге аттанған адамның жақындарына “марқұмның иманы жолдас болсын, иманды бол сын” деп көңіл айтамыз. Демек, иман – пенденің Жаратушысы алдындағы ең үлкен байлығы, қияметтегі азығы. Ал дүниедегі бар жақсылық имандылықтан бастау алады. Тұғырнаманың әр тарауы – жеке бір кітапқа арқау болатын мәселе. Бұл рухани құндылықтарды қоғамда насихаттаудың маңызы зор. Әсіресе, жастарды жат ағым, жаман қылықтан сақтау үшін оларды ізгілікке тәрбиелеуіміз қажет. Адамның ішкі жан дүниесі мен сырт келбеті, барлық іс-әрекеті әділдікке негізделуі тиіс. Төле би бабамыз “Тура биде туған жоқ” деп, туралыққа, әділ болуға шақырған. Өйткені, әділдік – ізгіліктің өзегі. Әділдік жоқ жерде береке болмайды. Қоғамдағы қиянат пен жемқорлықтың жолын бөгейтін күш – әділдік. Әділдіктің салтанат құруымен ғана қоғам өркендейтінін ұмытпауға тиіспіз.
Халқымызда “Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер” деген қанатты сөз бар. Бұл дүниеде ата-ананың қадірін білгенге не жетсін?! Ата-анамызды жер басып жүрген кезінде құрметтеп, қадірлеуіміз керек. Әр бала үшін ана сүтін, әке еңбегін ақтау – парыз. Сондықтан, ең бірінші, ата-анамызға жақсылық жасауымыз керек. Өкінішке қарай, қазір қарттар үйінен пана іздеген ата-әжелеріміз аз емес. Осының бәрі жүректе иманның болмауынан туындап отырған келеңсіздіктер.
Тағы бір мәселе ысырапшылдық жайында. Қазір о дүниелік болған адамға құлпытас пен көк тіреген күмбез орнатып, мазар салу бәсекеге айналуда. Марқұмның жаназасында астатөк дастарқан жаю біріздендірілді, енді бұл мәселені де ретке келтіруіміз қажет.
Асыл дініміздің абыройын асқақтатып, халықтың діни сауаттылығын арттыру үшін қазір өңірде жүйелі жұмыстар қолға алынды. Бүгінде өңірде 70 мешіт болса, онда 115 имам қызмет етеді. Биыл қыркүйек айында қала, аудан, ауыл имамдары мен молдалары аттестациядан өтті. Арнайы Нұр-Сұлтан қаласынан келген комиссия өңіріміздегі діни қызметкерлердің білімдерін тексерді. Алдымен олар компьютерде тест тапсырмаларын орындап, ауызша сұрақтарға жауап берді. Халықтың діни сауатын арттыру мақсатында үзбей сауат ашу курстары өткізілді. Бізге адамдар түрлі сауалмен жиі қоңырау шалады. Бұл орайда жамағатпен кері байланыс оң жолға қойылды. Сонымен қатар дін туралы дұрыс түсінік қалыптастыру үшін жат ағымның жетегінде кеткен, өмірде аяғын шалыс басып темір торға тоғытылған азаматтармен де кездесу ұйымдастырылады. Жазасын өтеушілермен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Күндердің ең ұлығы – жұмада намаз оқып, уағыз тыңдау үшін мешітке келетіндердің қатары жыл санап артуда. Мәселен, облыс бойынша әр жұма сайын үш мың адам мешітке барса, бір айда шамамен он екі мың адам уағыз тыңдайды. Бұл – үлкен жұмыс. Осындай діни уағыз жүргізу нәтижесінде бес адам жат ағымнан бас тартып, дәстүрлі дінімізге бет бұрды.
Биыл имамдарымыз білімі мен біліктіліктерін жетілдіру мақсатында Египет, Түркия, Алматы қалаларында өткен курстарға қатысты. Аудан, ауылдағы діни қызметкерлер үшін де осындай курстар облыс орталығында ұйымдастырылды. Қазір Уәлиханов, Мағжан Жұмабаев аудандарының діни қызметкерлері имамдардың білімін жетілдіру ислам институтында екі айлық курстан өтуде.
Дін мен дәстүр – халық ұстанымының діңгегі. Асыл дініміздің тарихи маңызы, халқымыздың төл мәдениетіне айналған дәстүрі бір-бірімен үйлесім тапқан. Оны ажырату мүмкін емес. Бұл орайда “Қызылжар” орталық мешіті келесі жылы да бірқатар іс-шара өткізуді жоспарлауда. Алда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдығы атап өтілмек. Осы айтулы шараға орай 2020 жылы отыз игі іс жасалады. Мешітке атау беру, қайырымдылық акциялары мен діни ағарту шаралары қолға алынбақшы. Әсіресе, жастармен жүйелі жұмыс жүргізіледі. Бастысы, адам жанының алтын арқауы болып табылатын рухани құндылықтар кеңінен дәріптелмек.
Кенжетай ДҮЙСЕНБАЙ,
облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы.