«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОҒАМ ДЕРТІН ҚОЗҒАҒАН ЖИЫН

2003 жылдың 9 желтоқсанында Біріккен Ұлттар Ұйымының конвенциясына қол қойған мемлекеттер сыбайлас жемқорлықты, бюджет қаржысын жымқыруды, заңсыз жолмен табылған табыстарды кәдеге асыруды қылмыс деп жариялаған болатын. Бүгіндері әлемде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қарқын алуда.

Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңіріміздегі департаментінің ұйымдастыруымен “Жемқорлықсыз болашақ” атты жастар форумы өтті. Шараның мақсаты – жастарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалармен таныстыру, жемқорлықтың кез келген көрінісіне “нөлдік” төзімділік ахуалын қалыптастыру, оның себептерін анықтау және шешу жолдарын ұсыну болып табылады.

Жиынды Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңіріміздегі департаменті басшысының орынбасары Елена Степаненко ашты.

– 2014 жылдың 6 тамызында Елбасының Жарлығымен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылды. Оның мақсаты – қоғамды жаппай торлаған жемқорлық әрекеттерімен күресу. Бүгінде агенттіктің жұмыстарына жастар да белсенді араласуда. Олар – ел болашағы. Көкірек көзі ашық, патриот жастарымыз тұрғанда, жемқорлыққа жол берілмесі анық, – деді ол.

Бұдан кейін жиында Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Мүкәрам Тайжанова сөз сөйлеп, жоғары оқу орнында жүргізілген жұмыстар жайын баяндап, жастарға сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмауға, оның алдын алуға жауапты екендіктерін атап көрсетті.

Форум барысында жыл басынан бері өткізілген бірнеше байқаудың қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды. “Жемқорлыққа қарсы үздік әлеуметтік жоба” байқауында Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Сағадат Қалан бас жүлдені иеленсе, осы жоғары оқу орнының тағы бір студенті Диас Көпеев “Жемқорлықсыз өмір” қардағы карикатура сайысының жеңімпазы атанды.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp